• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2015

Джохар Царнаев сот отырысында алғаш рет көзіне жас алды

367 рет
көрсетілді

АСТАНА. 5 мамыр. Бостон марафоны кезінде жарылыс ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаев кезекті сот отырысында эмоциясын тежей алмай, көзіне жас алды. Мұндай жайт екі жылдан астам уақыт бойы жалғасып жатқан сот процесі кезінде алғаш рет тіркелді. Бұл туралы BBC хабарлады. Кеше Бостон федералды сотында кезекті сот отырысы өтіп, онда айыптының туыстары куәгер ретінде қатысты. Царнаевтың туыс әпкесі Патимат Сулейманова сот кезінде көңілі босап, өзіне қойылған сұрақтарға толық жауап бере алмады. Сол кезде судья оның өзіне келуі үшін сұрақ қоюды үзе тұру туралы шешім шығарды. Дәл осы сәтте көңілі босаған Джохар Царнаев та көзіне келген жасын сүртті. Сот отырысына куәгер ретінде бес туысы қатысты. Олардың барлығы Джохарды 8 жасында ата-анасымен бірге АҚШ-қа кеткеннен кейін көрмегенін айтты. Туыстарының бірі Царнаевтың бала күнінде өте мейірімді болғанын есіне алды. Тіпті ол Джохардың «Патша арыстан» мультфильмін көріп отырып, жылап алатынын да айтып берді. Сотқа қатысқан барлық туысы алқабилер сотын бауырларының өмірін сақтап қалуға шақырды. Айта кетейік, ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар 2013 жылдың сәуір айында дәстүрлі Бостон марафоны кезінде жарылыс ұйымдастырды. Нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 264-і әртүрлі деңгейдегі жарақат алды. Тамерлан Царнаев ұстау операциясы кезінде қаза тапты. Ал қолға түскен 21 жастағы Джохар Царнаев өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бүгінде айыпталушының адвокаттары да оның жарылысқа қатысы бар екенін мойындады. Алайда, олар негізгі ұйымдастырушы ағасы – Тамерлан болғанын алға тартуда. Осы жылдың сәуір айында алқабилер соты ұзақ кеңестен кейін Джохар Царнаевты оған тағылған айыптардың 30 пункті бойынша айыпты деп тапқан болатын. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: BBC.