ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту және цифрландыру жөніндегі шаралар қаралды. Мемлекет басшысының биылғы наурыз айында Ұлттық құрылтайда Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға көңіл бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аталған курорттық аймақты дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілгенін және іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Жоспар өңірдің туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымын ауқымды дамытуға бағытталған.
«Жоспарға тұжырымдамалық түрде жаңа орындарды: «Ақбура» курорты, Қатаркөл және Жөкей көлдерінің айналасындағы туризм аймақтарын дамыту бойынша іс-шаралар енгізілген. 34 инженерлік және көліктік жобаларды жүзеге асырудың басымдығы айқындалды. Нәтижесінде, 400 шақырым сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелері, 116 шақырым электр желілері және 80 шақырым автомобиль жолдары реконструкциядан өтіп, салынатын болады», деді аймақ басшысы.
2025 жылы Бурабай курортын инфрақұрылымдық дамытуға 3,5 млрд теңге бөлінген, оның ішінде:
0,7 млрд теңге – республикалық бюджеттен; 2,8 млрд теңге – жергілікті бюджеттен.Айта кетейік, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы еліміздегі үш туризм орталығының бірі болып белгіленді және өңірдің негізгі курорты болып қала береді.