Мәдени іс-шара Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 154 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күш атасы Қажымұқанның ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталған іс-шарада аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, алып тұлғаның ерлік еңбектерін дәріптеу мақсатындағы жұмыстарға тоқталды. Кезінде күш атасының 150 жылдығы қарсаңында Парламент Сенатының депутаттары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің бойынан батыр бабаға мәдени-спорт кешенін салу жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Осы мақсатта қаржы бөлінген.
Аудан әкімінің айтуынша, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы алып ғимарат құрылысы аяқталып, ашылуына санаулы күндер қалған. Сондай-ақ іс-шара барысында Қажымұқан бабамыздың ұрпақтары және спорт қайраткерлері, ауыл ардагерлері оның өнегесі жайлы айтты. Балуанның өмір тарихына арналған баяндама тыңдалды. Күйші Қасымбек Сарымбетовтің «Қажымұқан» күйінің тұсауы кесіліп, ауданның Құрметті азаматы Құрманәлі Жылқыбай жазған «Қажымұқан» әні орындалды.
Мәдени жиын аяқталған соң күш атасының рухына арнап ас берілді.