Абай облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тазалық айлығы басталды. Іс-шараларға мемлекеттік, білім мекемелері, шағын және орта бизнес нысандарының өкілдері, қоғамдық, жастар ұйымдары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, барша тұрғын белсенді атсалысып жатыр.

Семей қаласында өткен тазалық шараларына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Аймақ басшысы 4 сәуірде облыс тұрғындарына арнайы үндеу жолдап, жалпыөңірлік тазалық акциясы басталғанын жария етті. Өңірдің барлық қала, аудандарында, елді мекендерінде жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Тұрғындар аумақтарды күл-қоқыстан тазартып, көше, алаң, аулаларды ретке келтірді.
Семейдегі сенбілікке 20 мыңнан астам адам қатысып, 1000 текше метрден астам қоқыс полигонға шығарылды. Мақаншы ауданында да ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған 3 мың адам қатысып, 2 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бесқарағай ауданындағы тазалық шарасына 300-ге жуық тұрғын қатысып, ауыл көшелері тазартылды, 1 мыңға жуық көшет отырғызылды. Көкпекті ауданындағы тазалық акциясына 1 мыңға жуық адам, 30 арнайы техника тартылып, 20 тоннадай қоқыс шығарылды. Абай ауданының Қарауыл ауылында 300-ден астам мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жаппай сенбілік өтті, 15 тонна қоқыс шығарылды. Курчатовтағы жалпықалалық сенбілікте тұрғындар жаяу жүргіншілер жолдарын сыпырып, көгалдарды тазартты. 1 000 қаптан астам қоқыс сыртқа шығарылды. Аягөз қаласының тұрғындары да белсенділік танытты. Сенбілікке 3 мыңнан астам адам қатысып, қаланың орталық көшелері, саябақтары, аулалары мен қоғамдық орындарын күл-қоқыстан тазартты.
Тазалық акциясы жыл бойы жалғасады. Әкімнің үндеуінде айтылғандай, акция барысында арнайы байқау жарияланып, «үздік аудан», «үздік ауыл», «үздік аула», «үздік университет», «үздік колледж», «үздік мектеп», «үздік балабақша», «үздік көше», «үздік мекеме», тағы басқа аталымдар бойынша тазалық жанашырлары анықталады. Жыл соңында жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар табысталады.
Абай облысы