АСТАНА. 5 мамыр. Елбасы Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозуды қабылдады. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Жозе Баррозуға алғыс айтты.
«Еуропалық комиссияға Сіз төрағалық еткен кезде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы он есе артты. Сіздің пәрменді ықпалыңыз, достық көмегіңіз арқылы біз Қазақстан мен Еуроодақтың кеңейтілген серіктестігі және ынтымақтастығы туралы келісім жобасына қатысты келіссөздер аяқталғаны жөніндегі құжатқа қол қойдық. Еуропалық Одақ біздің негізгі сауда серіктесіміз болып қала бермек», – деді Қазақстан Президенті.
Жозе Баррозу өз қызметіне жоғары баға бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы серіктестік бұдан әрі өрістеп, оның аясы кеңейе береді деп үміттенетінін жеткізді.
«Еуропалық комиссияның төрағасы ретінде мен Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тығыз серіктестікті қолдау үшін қажет болған бар күш-жігерімді салдым және өзімнің оған қосқан үлесімді зор мақтаныш тұтамын. Сондай қарым-қатынас орнату үшін Сіздің тікелей атсалысуыңыз да өте маңызды болды», – деді Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Жозе Баррозуды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: akorda.kz.