Теннис 11 Сәуір, 2025

Қазақстанның теннисшілері Билли Джин Кинг кубогіне қатысады

65 рет
көрсетілді

Теннистен Аустралияның Брисбен қаласында өткен Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сайысын Қазақстанның әйелдер құрамасы сәтті аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екі кездесуде де жеңіске жеткен жерлестеріміз жарыстың негізгі бөлігінде күш сынасуға мүмкіндік беретін жалғыз жолдаманы иеленді.

Қазақстанның теннисшілері әлем чемпионатына баланған жарысқа жолдама алу үшін алғашқы айналымда Аустралиядан 2:1 есебімен айласын асырғаны жайында біз бұған дейін жазғанбыз. Келесі күні Колумбиямен күш сынастық. Оңтүстік Америка құрлығынан келген ойыншылар жерлестерімізге жарытып қарсылық көрсете алмады. Атап айтсақ, Юлия Путинцева Валентина Ариасты 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Жарқын жеңіске жету үшін Юлияға небары 38 минут жеткілікті болды. Елена Рыбакинаға да өз қарсыласын еңсеру айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Ол Юлиана Лизаразоның «мәселесін» бар-жоғы 52 минутта шешті – 6:1, 6:2.. Сөйтіп, біздің бұрымдылар енді 16-21 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэн қаласында жалауы желбірейтін жарыстың финалдық бөлігінде күш сынасады.  

Естеріңізге сала кетейік, Билли Джин Кинг кубогі 1963 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2020 жылға дейін ол Федерация кубогі деп аталды. Осы турнирде ең мол олжаға АҚШ құрамасы кенелді. Америкалықтар 18 жарыста алдына жан салмады. Чехияның 11 мәрте мерейі үстем болса, Аустралияның алты аламанда асығы алшысынан түсті. Жекелеген теннисшілер арасынан Крис Эвертке тең келер ешкім жоқ. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары жасындай жарқылдаған АҚШ-тың Флорида штатының тумасы 8 турнирде топ жарды. Ал Билли Джин Кингтің өзі жеті рет жеңіс тойын тойлады.

Осыған дейін Қазақстан құрамасы аталған жарыстың финалдық бөлгінде 2022 және 2023 жылдары өнер көрсетті. Бірақ қадамымыз сәтті болмады. Бәлкім, осы жолы жерлестеріміз барынша нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуантады деген ойдамыз.