Аймақтар 14 Сәуір, 2025

Шымкентте «ZIMA» түнгі клубы жабылды

0 рет
көрсетілді

Түнгі клуб Шымкенттегі «Шахан», «Sultan» супермаркетінің бұрынғы ғимаратының орнынан пайда болған. Құрылыс нормасы бойынша ол жер қайта дүкен болуы тиіс еді. Алайда қалай болғаны белгісіз нысан көңіл көтеретін орынға айналып кеткен, деп жазады Egemen.kz.

Түнгі клуб ашылғалы сол маңның тұрғындарынан маза қашқан. Үлкендер жастардың беймезгіл жүрісіне бір алаңдаса, даңғыраған музыкадан да әбден шаршаған. Содан халықтың шағымы күшейіп, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы арнайы тексеру жүргізген. Нәтижесінде думандатып кеш өткізетін жердің заңсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Сөйтіп тұрғындардың шағымы бойынша арнайы нұсқама беріліп, көңіл көтеретін жайдың есігіне қара құлып салынды. Айта кету керек, «ZIMA» түнгі клубы Қаратау ауданы, Нұрсәт шағын ауданындағы Бәйдібек би даңғылы №36А мекенжайында орналасқан.

Жоғарыда айтқанымыздай, тексеру барысында бұл нысан ескі супермаркеттің орнынан қайта жабдықталып, түнгі клубқа өзгергені белгілі болды. Алайда аталған мекенжайдағы жер учаскелерінің нысаналы мақсаты – әлеуметтік-мәдени тұрмыс объектілерін жобалау мен салу болып белгіленген еді. Соған қарамастан жалпы ауданы 1359 шаршы метрді құрайтын, іргетасы бетон, қабырғалары кірпіштен қаланған, төбесі металмен жабылған бір қабатты ғимарат қайта жаңғыртудан өтіп, көпфункционалды дүкен ретінде емес, түнгі клуб ретінде пайдаланылған. Мұнымен қоса, ішкі үй-жайлар толық өзгертіліп, ғимараттың бастапқы мақсатына сай келмейтін функционалдық өзгерістерге ұшыраған.

Қысқасы рұқсат беру рәсімдерін сақтамай, жобалық-сметалық құжаттамасыз және сараптамадан өтпестен жүргізілген бұл құрылыс жұмыстары техникалық та авторлық та қадағалаусыз жүзеге асқан. Осыған байланысты нысан иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабы және 463-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Шымкент