Заң мен Тәртіп 15 Сәуір, 2025

Кінәлілер жазаға тартылды

0 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша бұрынғы департамент басшысының орынбасары Дәуренбек Қожабаевқа қатысты іс қарады.

Сот Д.Қожабаевты аса ірі кө­лемде пара алды деген айыппен Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 11 жыл мерзімге бас бос­тан­дығынан айыру жаза­сын тағайын­­да­ды. Сондай-ақ сот Д.Қожабаевты мемле­кет­тік органда лауазымды қызметтер ат­қару құқынан өмір бақи айырды. Бұған қоса ол сот үкімімен жемқорлы­қ­қа қарсы іс-қимыл қызметінің полковник шені­нен айырылды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұдан әрі сот Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Шымкент қа­ласы бойынша департаментіне осы қыл­мыстық істі назарға алып, департамент қыз­мет­керлерінің арасында жемқорлық қыл­мысын болдырмау үшін тиісті шара­лар қабылдау керектігі туралы жеке қау­лы шығарды. Мемлекет­тік айыптаушы Д.Қожа­баевқа 12 жыл мерзімге бас бостан­ды­ғы­нан айыру жазасын ұсынған, алайда сот­талушының кәмелетке толмаған кіш­кентай қызының бар екенін ескерген сот 11 жыл мерзімді таңдады. Жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл департаменті басшысының бұ­рынғы орынбасары 2024 жылдың 30 қара­шасында қашып жүрген жерінен ұсталады. Үкім заңды күшіне енгенге дейінгі уақытша қамау изоляторында өткізген әрбір күн үшін үкімде белгіленген мерзімнің бір жарым күні шегеріліп тасталады.

Үкім оқылғаннан кейін бе­ріл­ген түсінік­темеде сотталушы Д.Қожабаев Ұ.Қош­тановадан Р.Құ­лым­бетова арқылы 42 млн теңге көлемінде пара алғаны айтылды. Д.Қожабаев ол қомақты қар­жыдан 1 млн теңгені ортадағы делдалға сыйақы ретінде береді де, қалғанын өзіне алып қалады. Сот арада жүріп ақшаны жет­­кі­зіп берген Р.Құлымбетовадан 1 млн теңгені, қалған 41 млн тең­гені Д.Қожа­баевтан мемлекет пай­дасына өндіріп алды. Сондай-ақ тергеу мен сарап­тамаға кеткен бүкіл шы­ғын сотталу­шының мойнына ілінді.

Сотта Ұ.Қоштанованың туған әп­кесі З.Қоштанованы да қыл­мыстық жауап­­­кершілікке тарту керектігі сөз бол­ды. Өйткені ол 42 млн теңге параны жи­науға көмектескен. Алайда сот істі қа­рау бары­сында З.Қоштанованың әреке­тінде ешқандай қылмыс жоқ деп тапқан. Әрине, ол жемқорлық қылмысына атса­лыс­­қаны­мен және оған саналы түрде барса да заңда жақын туыстар бір-біріне куә­лік бере ал­майды деген қағидаға сәйкес барлық жауапкершіліктен босатылып отыр. Ал пара берген айыпталушы Ұ.Қошт­анова тергеу барысында қайтыс болуы­на байланысты оған қатысты қозғал­ған қылмыстық бап тоқтатылды. Өз кезе­гінде 5 күн аралығында үкімнің көшір­месі тараптардың қолына тиген соң сотталу­шы, айыптаушы мен қорғаушы 15 күн ішінде үкімге қарсы аппеляция бере алады.

Дегенмен ашық сот отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген З.Қош­танова бұл үкім­мен келіспейтінін мәлім­деді. Туған сіңлісін өлімге шейін апар­ған Д.Қожа­баевқа берілген бас бостан­дығынан айыру жазасы тым жеңіл дейді. Ол сіңлісіне әбден зәбір көрсеткен сот­талу­шыны бұдан да ауыр жазалап, мате­риалдық, моральдық шығын өнді­ріп алу үшін соңына дейін күре­сетінін жеткізді.

Сот материалдарынан белгілі бол­ған­­дай, осы қыл­­мыстың басы 2022 жыл­­дың қыркүйегінен басталған. Қала­дағы №132 мектеп директоры Ұ.Қош­танова­­­­ға Сыбай­лас жемқорлыққа қар­­­сы іс-қи­­мыл агент­­ті­гі­­нің Шым­­кент қа­­­ласы бо­­йынша департаменті ­1 млн тең­­­геге жуық пара алды деген күдік­пен қыл­­­мыстық іс қозғайды. Жазадан құ­ты­лу үшін Ұ.Қоштанова әртүрлі жолдар қа­рас­тырып, тамыр-таныс іздейді. Сөй­тіп, сол кездегі департамент басшысы­ның орын­басары Д.Қожабаевты табады. Ол белгіленген қара­жат­ты жинап берсе, бұл істі сотқа жеткізбей жауып тастауға уәде береді. Нәтижесінде, мектеп директоры 42 млн теңге қаражат­ты жинап үлгереді. Д.Қожабаев пен Ұ.Қоштанова­ның арасында келіссөздер жүргізіп жүр­ген – Р.Құлымбетова дейтін әйел. Ол мектеп басшысының танысы еді. Ақшаны Д.Қожабаевтың қызметтік көлігінде тапсырған. Жоғарыда айтқанымыздай осы қызметі үшін антикордың лауазымды өкілі оған сыйақы есебінде 1 млн теңге берген. Алайда Д.Қожабаев жұмысынан шығып кетіп, іс сол күйі аяқсыз қалады. Екі ортада бар кінәні Ұ.Қоштанованың өзі көтеруге тура келеді. Осы кезде күйікке шыдай алмаған ол қапыда дүние салады. Алайда мектеп директорының әпкесі З.Қоштанованың айтуынша, қайтыс болардан бұрын сіңлісі Д.Қожабаевқа қарсы ҰҚК органына арыз жазып кеткен. Ортада делдалдық жасап жүрген Р.Құлымбетова кінәсін мойындап өкінгенімен сот оны 1,5 жыл­ға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарып, өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айырады. Арада тергеу амалдары жүріп жатқан тұста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Д.Қожабаев қашып кетіп, оған аса ірі көлемде пара алған қылмыскер ретінде іздеу жарияланады. Тәртіп сақшылары 2024 жылдың қараша айында іздеп тауып, 2025 жылдың қаңтарында сотқа тапсырады.

Айта кету керек, Дәуренбек Қожабаев – Сыбайлас жем­қор­­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төраға­сы­ның орынбасары болған Мақсат Қожабаевтың туған інісі. Ағасы да інісі секілді 2023 жылы аса ірі көлемде пара алғаны үшін істі болып сотталған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес қызме­тінің өкілдері заңды белден басып пара алып жатқан соң басқалар туралы не айтуға болады. Жалпы, Шымкентте жемқорлық­қа байланысты қылмыстар мем­лекеттік қызметкерлер арасын­да өте қатты асқынып тұр. Әсіресе кейін­гі бір-екі жыл көлемінде тіпті өр­шіп кетті. Нақты мысалдармен айтсақ, қала әкімі­нің орынбасары Мақсұт Исахов, Жолау­шылар кө­лігі және автомобильдер жолдары басқармасының бас­шысы Мұх­тар Қоқанбаев, Тұрғын үй бас­қарма­сы басшы­сының мін­детін атқару­шы Азат Момынов, Мәде­ниет, тіл­дерді дамыту және архивтер бас­­қармасының бас­шысы Сәкен Шә­кеев, Санитарлық-эпиде­­мио­логиялық ба­қылау департа­мен­тінің басшысы Әбдіманап Төлебаев, Абай ауданы әкімінің орынбасары Ерік Тіленшин – сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталғандар. Сондай-ақ Шымкентте мәдени іс-шаралар­ға бөлінген мемлекет қаражатын тұрақты түрде жымқы­рып келген есепшілерден құралған қылмыстық топ құрықталды. Олардың бәрі мәдениет бас­қармасына қарасты түрлі мәдени ұйым­дардың есепшілері болып қызмет атқарған.

 

ШЫМКЕНТ