Аймақтар 15 Сәуір, 2025

«Almaty Arena» және «Halyk Arena» кешендері коммуналдық меншікке өтті

0 рет
көрсетілді

Былтырдан бастап Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен ірі спорттық нысандарды қаланың балансына қайтару жұмыстары басталғаны белгілі. Осыған байланысты «Almaty Arena» және «Halyk Arena» көпфункционалды кешендері коммуналдық меншікке өтіп,  мұз айдынын пайдалануды ашық ұйымдастыруға және барлық санаттағы спортшылар үшін ареналарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұдан бұрын мәлім болғандай, спорттық қауымдастығы жекеменшік басқаруындағы ірі мұз айдынына шектеулілігіне  қатысты мәселе көтерілген болатын. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров та қалада мәнерлеп сырғанаудан еліміздің үздік спортшыларын даярлау үшін тиісті жағдайдың жасалмағандығы туралы мәлімдеген болатын.

Қазіргі кезде  мұз айдыны  кәсіби спортшыларға, оның ішінде Михаил Шайдоровқа, спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне, секциялар мен ұлттық құрама мүшелеріне  де қолжетімді бола бастады.  Бұл еліміздің болашақ чемпиондар буынын тәрбиелеуге септігін тигізеді.

Алматы әкімдігі қаланың спорт инфрақұрылымын дамыту мен жаңғырту бағытында кешенді тәсілдерді іске асырып жатыр. Соңғы үш жылда қалада алты жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған болса, биыл тағы төрт кешеннің құрылысы басталады. Мұнымен қоса биыл Орталық стадионды халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, сыйымдылығын 35 мың орынға дейін арттыруға байланысты қайта жаңарту жұмыстары басталды. «Медеу» биік таулы мұз айдынының инженерлік инфрақұрылымын жаңарту, мұз сапасын арттыру және сырғанау маусымын ұзарту бағытында, сонымен қатар жасанды интеллектпен жабдықталған SmartICE жүйесін енгізу, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру арқылы Медеуді жыл бойы жұмыс істейтін әлемдік деңгейдегі спорттық-туристік орталыққа айналдыру көзделіп отыр.

 Алматы