• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жоба 19 Сәуір, 2025

«Ақылды жасыл ферма» көмектеседі

Жақында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен корейлік «Хён» компаниясы арасында «Ақылды жасыл ферма» жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жобаның мақсаты – екі ел уни­верситеті арасында әріп­­­тестік байланыс орнатып, ғы­лыми тәжірибе алмасу. Сондай-ақ агро маманды­ғында оқитын студенттерге органикалық жолмен өнім алудың тың тәсілін үйрету. Іс-шараға университет ұжымы мен Кореядан келген қонақтар және жергілікті кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Әсіресе бұл кездесу біз­дің агроөнеркәсіп кешені өкіл­де­рінің қызығушылығын туғыз­ды. Себебі табиғи өнім өндіру арқы­лы отандық тауардың сапасын арттыра аламыз. Сондықтан шым­кенттік кәсіпкерлер «Ақыл­ды жасыл ферма» жобасына айрықша назар аударды. Бұл жоба арқылы студенттер ғана емес, бизнес өкілдері де осы бастама шеңберінде тәжірибе алмасуға болады.

М.Әуезов атындағы ОҚЗУ басқарма төрағасы-ректор Дар­хан Ахмед-Заки Мем­лекет басшысының қолдауымен отандық ғылым жаңаша серпін алғанын атап өтті.

«Қазір біздің ғалымдардың белсенділігі жоғары. Олар серік­тестерімен бірлесіп, жаңа ғылыми жобаларды іске асыру­ға септесіп жатыр. Бұдан екі жыл бұрын профессор Рае Квон Чунг «жасыл энергияны» пай­даға жарату арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға болатыны туралы ұсыныс білдірген еді. Нәтижесінде, биыл инвес­тормен бірге жаңа технология­ны қолдана отырып, «ақылды ферманы» біздің университетте қалыптастырсақ дейміз. «Ақылды жасыл ферманың» өнімдерін өсіруде пестицидтер, химиялық заттар пайдаланылмайды. Сондай-ақ осы жүйе аясында 90 пайызға дейін суды үнемдеуге болады», деді ол.

Іс-шара барысында ферма құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Бұл ке­шенде жасыл мақта, васаби мен құлпынай өсіріледі. Про­фес­сор Рае Квон Чунг фермада өндірілетін жасыл мақтаға ерекше тоқталды. Оның айтуын­ша, бүгінгі таңда жоғары сортты өнімге Луи Ветон секілді әлемдік брендтік фирмалар қызығушылық танытып отыр екен. Ал оған қажет құрал-жаб­дық­ты кореялық компания өз есебінен жеткізеді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар