ТМД елдері арасында өткен алғашқы әскери-спорт ойындарында үшінші орынды жеңіп алды
Мәскеуде өтіп жатқан ТМД елдері арасындағы Бірінші әскери-спорт ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан армиясының құрама командасы жарыста үшінші орынды иеленді. Біздің әскерилер барлығы 47 медальға, атап айтсақ, 7 алтын, 16 күміс және 24 қола жеңіп алып, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения спортшыларын артта қалдырды.
Алғашқы әскери-спорт ойындарында Қазақстанның атынан Қорғаныс министрлігі Армияның орталық спорт клубының атақты әскери спортшылары шықты. Суда жүзу, дзюдо, қоян-қолтық күрес, гір спорты, офицерлік үшсайыс және штаттық қарудан оқ ату бойынша сайысқа түскен біздің сарбаздар жүлделі орындарды жеңіп алды.
Жарысқа алты елден барлығы 300-ден астам әскери қызметші қатысты. Бірінші орынды Ресейдің атлеттері, ал екінші орынды – Белоруссия армиясының құрамасы жеңіп алды. 1 тамыз күні Халықаралық армиялық ойындар бас-талатынын айта кеткен жөн. Қазақстан осы ауқымды шара аясында үш түрлі сайысқа қатысады. Атап айтқанда, олар «Танк биатлоны», «Авиадартс» және «Каспий теңізі» (теңіз биатлоны).
Ағымдағы жылдың 1-15 тамызы аралығында біздің 20 танкіші Мәскеу облысына қарасты «Алабино» полигонында өтетін 13 мемлекет өкілдерімен бірге шеберліктерін сынайды. Дәл осы уақытта Рязань, Сызрань және Липецк қалаларының әуе айлақтарында Миг-29, Су-25, Су-27 және Ми-8 қазақстандық ұшу экипаждарының қатысуымен «Авиадартс» өрістетіледі. Ал Ресейдің Каспийдегі акваторияларында бұл сәтте «Сарыарқа» және «Орал» зымыранды-артиллериялық кемелерінде Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің әскери теңізшілері мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлерінен құралған бригадасы теңіз биатлонының жүлделі орындары үшін сайысқа түсетін болады.
«Егемен-ақпарат».