WBA (Super), IBO и WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин өзінің жаттығу лагеріне оралып, 17 тамыздан бастап жаттығуларына кіріседі. Бұл туралы оның бапкері Абель Санчес хабарлады.
«Біздің келесі жекпе-жек 17 қазанда өтеді. Оған дейін Головкинге тыныққан жөн», – деді боксшының жеке бапкері.
Еске салар болсақ, 17 қазан күні Нью-Йорктегі атақты Madison Square Garden сарайында өтетін жекпе-жекте Ген-
надий Головкин қанадалық былғары қолғап шебері, IBF титулының иегері Давид Лемьемен жұдырық түйістіреді. Аталған жекпе-жек HBO телеарнасы арқылы көрсетіледі. Қазақстандық спортсүйер қауым бұл айқасты «Қазақстан» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Әзірге кәсіби рингте жеңілістің ащы дәмін татпаған Головкиннің үлесінде 33 жеңіс бар және ол оның 30-ын нокаутпен аяқтады. Ал Лемье болса, 34 рет жеңіске жетіп (31 нокаут), екі жекпе-жекте ғана қарсыластарына есе жіберген.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
журналист.
Қарағанды.