АСТАНА. 3 тамыз. АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы екі бірдей шіркеуде жарылыс болды. Лас-Крусес қаласында орын алған төтенше жағдайдан зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы vesti.ru хабарлады.
Бірінші жарылыс баптистер шіркеуінде болды. Мексикамен шекарадан 80 шақырым жерде тіркелген жарылыс мінәжат үйінің қасындағы пошта жәшігіне салынған бомба салдарынан орын алды.
Арада жарты сағат уақыт өткенде осы ғибадатханаға жақын жердегі католик шіркеуінде екінші жарылыс тіркелді. Полицейлер бұл жолы күдіктілердің жарылғыш затты қоқыс салатын жәшікке жасырып қоюы мүмкін екенін айтуда.
Екі шіркеуден де келушілер мен құлшылық қылушылар қауіпсіз жерге көшірілді. Апат ғимараттарға аса көп шығын келтірген жоқ. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органының өкілдері жарылыстардың бір-бірімен байланысы бар деп санайды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: vesti.ru.
Сурет: EPA.