Аптаның екінші күні «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин және The Boston Consulting Group кеңесшілерінің қатысуымен өткен отырыста «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың стратегиялық маңызды жұмыс көрсеткіштері әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ, бизнесті трансформациялау аясында компанияны тиімді басқарудың жаңа жүйесі де кеңінен талқыланды.
Отырыс барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметіндегі маңызды жұмыстарды мүлтіксіз атқара отырып, пайдалы жұмыс коэффициентін жасақтау арқылы тапсырыс иелерінің сұранысын қанағаттандыру шарасы мамандар назарында болды. Сөйтіп, жолаушылар мен жүк жөнелтушілердің және экспедиторларға қолайлы жағдай жасап, қозғалыс қызметінің қауіпсіздігін жақсартып, түрлі тиімді әдістер арқылы шығындарды азайта беру мәселесі қаралды.
Келелі кеңесте пайдалы жұмыс коэффициентіне негізделген тиімділікті басқарудың жаңа жүйесі компанияның жұмысын ортақ мақсатқа жұмылдырады деген үміт зор екендігі айтылды. Мұнымен бірге, өндірістік тиімділікті барынша жоғары деңгейде пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді басқару мен шығындарды азайту, сондай-ақ, сұраныс иелерінің тапсырысына бейімделуді көздейтін игі шаралар алға шықты.
Онда әрбір еңбеккердің пайдалы жұмыс коэффициенті компанияның стратегиясын тиімді атқаруға қызмет етеді. Мұндай нәтижелі көрсеткішке жеке тұлға ретінде де және ұжымдық ұйысумен де жету маңызды. Себебі, осы көрсеткіштердің нәтижесі ғана компанияның жаңа жүйеде табысқа жетуіне тікелей байланысты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасына байланысты компания Дара акционерінің талаптарын орындай отырып, бизнесті жүргізудің әлемдік үздік тәжірибелерін меңгерді. Соның арқасында, Қазақстанның тиімділігі аса жоғары трансұлттық корпорациясына айналуы тиіс.
Ұлттық компанияның жаңа пайдалы жұмыс коэффициентіне көшуі тапсырыс иелеріне барынша сапалы қызмет көрсетуге бағытталып, тұтынушыларға барлық ыңғайлылықты жасауға үлкен маңыз беріп отыр. Нәтижесінде, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың басқару тиімділігі жақсарады. Ал оның акционері болып табылатын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ үшін де жаңа жүйе көп пайда әкеледі. Атап айтқанда, ірі еншілес кәсіпорнының актив құны әжептәуір көтеріледі. Сапалы, уақытында және қауіпсіз көліктік-логистикалық қызмет көрсету арқылы мемлекеттің экономикалық дамуына қолдау көрсетіледі.
Алқалы жиынға қатысушылар арасында аталмыш жаңа жүйеге байланысты қызу талқылаулар ұзаққа жалғасты. Әрбір көрсеткіштер теміржолшылар мен сарапшылар тарапынан жан-жақты талданып, әр тұсы терең зерделенді. Атқарылған жұмыстардың қорытындысына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Мамин кеңінен тоқталып, жаңа жүйені енгізудегі жұмыстардың орындалу барысы үнемі назарда болатындығын айтты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».