Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен жалпы отырыста талқыланды. Сондай-ақ, депутаттар еліміз бен Қытай және Тәжікстан арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі ынтымақтастық келісімін ратификациялау мәселесін қарады.
Бірінші оқылымда қарауға ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндаманы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жасады. Министрдің айтуынша, мемлекеттік компаниялар экономикада бәсекелестікке қысым көрсету себептеріне байланысты қазақстандық бизнес қолайсыз жағдайларға тап болуда. Сондықтан да квазимемлекеттік секторда түбегейлі өзгерістер талап етіліп отыр. Е.Досаев бұл ретте АҚШ, Сингапур және Норвегия сияқты елдердің тәжірибесі зерделенгеніне ерекше тоқталды.
Министр баяндама соңынан депутаттар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауаптар берді. Соның ішінде Нұртай Сабильянов маңызды мәселеге ерекше назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттің қатысуымен өмірге келген кәсіпорындар өз жанынан кәсіпкерлік субъектілерін құрып жатады.
Мысалы, «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ-тың қазіргі кезде 600-ге жуық еншілес кәсіпорны құрылыпты. Депутаттың пайымынша, осындай еншілес кәсіпорындар бөлінген қаржыны тиімсіз жұмсайды. Осыған тосқауыл қоюдың жолын сұраған депутатқа берген жауабында министр бұл мәселені тиісті органдармен жан-жақты зерделегеннен кейін ғана жауап беруге боларын алға тартты. Ал заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Палата, сонымен бірге, еліміз бен Тәжікстан және Қытай үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау мәселесін қарап, заң жобаларын қолдау керек деп шешті. Заңдық құжаттың мақсаты елдер құзыретті органдарының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайларының алдын алу мен оларды жою саласындағы ынтымақтастық негіздерін айқындау болып табылады. Атап айтқанда, тараптардың біреуінің аумағында төтенше жағдайлар орын алған кезде осы келісімді жүзеге асыруға құқықтық негізді қамту көзделеді.
Және де кешегі отырыста «2006 жылғы 4 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, хаттаманың мақсаты – екі елдің өткізу пункттеріне Мақтаарал стансасын енгізу. Соның нәтижесінде қазақстандық жүктерді Шардара су қоймасы аумағынан Өзбекстанның транзиттік теміржол учаскесін пайдалана отырып, өткізу көзделген. Өйткені, Мақтаарал стансасы бекітілген тізбеде жоқ болғандықтан, Өзбекстан тарапы еліміз пойыздарын өткізбеуде.
Министр, бұл ретте, хаттама бойынша Кеден одағының стандарттарына сәйкес келмейтін автомобильдер өткізу пункттерінің саны 10-нан 6-ға дейін қысқартылатынын айтты. «Біз мұндай шешім қабылдамас бұрын арнайы талдау жүргіздік. Ал осы 10 пункт негізінен Кеңес Одағы тұсында ашылған болса, жабылатын төртеуі соңғы үш жылда соншалықты пайдаланылған жоқ. Екіншіден, бұлар стандарттарға сай емес, оларды соған келтіру үшін үлкен қаражат қажет. Үшіншіден, соңғы үш жылда біз осыны зерттедік, сонда 6 өткізу орны-ақ ешқандай ауыртпалықсыз жұмыс істеді. Екі ел арасында күрделі жағдай тудырған жоқ», – деді Әсет Өрентайұлы.
Күн тәртібіне шығарылған «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» және «Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына қорытынды әзірлеу жөніндегі мәселе де өз шешімдерін тапты. Алғашқы мәселе бойынша 2014 жылы күшіне енген «Жол жүрісі туралы» Заңда полиция қызметкерінің рұқсатынсыз жолаушыларға көлік құралынан шығуға тыйым салынған норма болған-ды. Енді сол норма қоғам тарапынан сынға ұшырағандықтан, оны алып тастауды депутаттар өз парыздары санапты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».