Кеше Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновты Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесі жөнінде Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.
Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 59-бабы 6-тармағына сәйкес мынадай құжаттар ұсынылды:
Ә.Қ.Құсайыновтың Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы өтініші;
Ә.Қ.Құсайыновтың өмірбаяндық деректері;
Ә.Қ.Құсайыновты қолдап жиналған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары;
Кандидат пен оның зайыбының табысы және мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;
Кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 56-бабы 2-тармағына сәйкес президенттiкке кандидатты республика облыстарының, республикалық маңызы бар қаласының және астанасының кемінде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кемінде бiр пайызы қолдауға тиiс. Ә.Қ. Құсайыновтың кандидатурасын қолдап сайлаушылардың 132 152 рас қолы жиналды.
Ұсынылған құжаттарды қарап, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновты Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы шешім қабылдады.
* * *
Сондай-ақ, кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды. Онда Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахметтің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілеу және оған кандидатурасын қолдап қолдар жинау үшін қол қою парақтарын беру туралы қаулы қабылданды.
Президенттікке кандидатты қолдап қолдар жинауды сенім білдірілген адамдар ұйымдастырады. Қолдарды жинайтын топтардың саны мен құрамына шек қойылмайды. Президенттікке кандидатты қолдап толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады, олар бес күн мерзім ішінде паспорт қызметінің қызметкерлерін қатыстыра отырып, қойылған қолдардың растығын тексеруді жүзеге асырады, тиісті хаттаманы ресімдейді және оны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.
«Егемен-ақпарат».