Кеншілер қаласы – Ақсайдағы, Қарашығанақ өңдеу кешені ғимаратында КПО б.в. компаниясы еңбек ұжымының жиналысы өткізілді. Оған 300-ден астам адам қатысты. Басқосуда сөз сөйлеген КПО б.в. кәсіподақ комитетінің төрағасы Төлеуғали Кеңесов, «Қарашығанақ локалдық КПО б.в. қызметкерлері мен мердігерлік ұйымдар кәсіптік одақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анатолий Неверов және Қарашығанақ өңдеу кешенінің механигі Жасқайрат Сыйқов еңбек ұжымының барлық мүшелерін 2015 жылдың 26 сәуірі күні өтетін президенттік сайлауға белсене қатысуға шақырды.
Сонымен бірге, олар осындай мазмұндағы шақыруды барша қазақстандықтардың аттарына да бағыттады. Биылғы президенттік сайлаудың терең маңызына жан-жақты тоқталған кәсіподақ жетекшілері мен ұжым жанашырлары төмендегідей өзекті жәйттерді атап көрсетті. Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстан өз дамуының жаңа сатысы мен баспалдағына бет бұрды. Соның ішінде қазақстандық мемлекеттік билік әлемде алғашқылардың бірі болып экономикалық дамуда индустриялық-инновациялық бағытқа басымдық беру қажеттілігін белгіледі. Бұл аса жауапты бағдарлама жаңа технологиялардың өндіріске енгізілуімен қоса қабат іске асуда.
Әрі оның алғашқы нәтижелері жөнінде де оң, жарқын мысалдар аз емес. Өзгесін айтпағанда, тарих қойнауына кетіп бара жатқан тұңғыш индустрияландыру бес жылдығы шеңберіндегі экономикалық өсім көздеген межеден әлдеқайда асып түсті. Алда тұрған міндеттер бұдан да қомақты. Келесі кезекте – екінші кезең мен өңдеу өнеркәсібін одан әрі өркендетуге баса назар аударылмақ.
Сондай-ақ, олар әрбір қазақстандық өз жолы мен өз мемлекетінің дербес даму жолын таңдауы қажет деп санайды. Әрі осылай болатынына сенім білдіреді. Бұл үшін елдің әр азаматы Қазақстан Республикасы Президенті сайлауында дауыс беру үдерісіне қатысып, азаматтық белсенділігін танытуы қажет. Міне, Қарашығанақтағы еңбек ұжымы мүшелері бірауыздан қабылдаған мәлімдеменің басты түйіні осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Бөрлі ауданы.