Түсіп Күзембаев атындағы байырғы шахта кеншілерінің кезектен тыс өткізілетін, президенттік сайлауға арналған жұмыс ауысымы кезінде ұйымдастырылған жиналысқа ұжым мүшелерінің бәрі қатысты.
Кәсіпорын директорының экономика және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Мұқаш Базылов, шаруашылық қызметтің басшысы Виктор Бауэр және басқалары елімізде кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға байланысты ой-пікірлерін ортаға салды. Олар өз сөздерінде елдің саяси өміріндегі маңызды оқиға – сайлауға бір кісідей қатысып, азаматтық парызға адалдық танытуға шақырды.
– Біз көмір өндіруші кәсіпорындардағы еңбектес әріптестеріміздің осы күні бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, кезектен тыс президенттік сайлауға үлкен белсенділікпен қатысатынына сенеміз және солай болуын қалаймыз. Мемлекет дамуының жауапты кезеңінде әрқайсымыз өз ұстанымымызды көрсете алуымыз керек, – деген В.Бауэрдің сөзі өзге де сөйлеушілер тарапынан қызу қосталды. Елдің, өскелең ұрпақтың жарқын келешегі, дамудың жаңа сатыларына көтерілу үшін, достық пен тұтастық үшін дұрыс таңдау жасаудың, яғни бұл үдерісте жоғары жауапкершілік танытудың маңыздылығы аталып, белгіленген мерзімде қоғамдық бірліктің үлгісі көрсетілуге шақырылды.
Жиналыста президенттік сайлауға ұйымшылдықпен қатысу туралы облыс жұртшылығына арналған үндеу қабылданды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.