Қостанайдағы «АгромашХолдинг» және «СарыАрқаАвтоПром» машина жасау зауыттарының жұмысшылары өндіріс алаңында барлық қазақстандықтарды 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына дауыс беруге шақырды.
Машина жасаушылар Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуі жаһандық қаржы дағдарысына еліміз экономикасы даму ырғағының өсуін және халықтың әлеуметтік тұрмысының жақсаруын қамтамасыз етумен жауап беруге ұмтылдырады деп санайды.
– Біздің зауыттар ұжымы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тарихи сәт деп біледі. Ең алдымен, елдің бірлігі, экономиканың дамуы, халық игілігі мемлекет басшысын таңдауға байланысты. Біз ұжымымызбен сайлауға баруға дайынбыз, – деді «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы Қостанай филиалының директоры Сергей Могилатов.
Директордың сөзін жұмысшылар да қолдады. Зауыттың Ивеко ауыр және жеңіл коммерциялық техникалар құрастыратын цехының слесарі Жалғас Сармұрзин ұжым митингісіне өз бастамасымен келді.
– Президенттік сайлау – еліміздегі ірі саяси оқиға. Оған дауыс беруге Отанын сүйетін, елдің тыныштығы мен бірлігін, әлеуметтік жақсы тұрмысымызды ойлайтын әр қазақстандық келуі тиіс, – деді Ж.Сармұрзин. – Мен сайлау күні ұжымдағы әріптестеріммен барып, өз таңдауымды жасаймын.
«АгромашХолдинг» зауытының өндіріс алаңында 1500 жұмысшы еңбек етеді. Осында үстіміздегі жылы 8,5 мың машина құрастырылатын болады. Сайлаудың нәтижелі өтуін жұмысшылар кәсіпорын мен әрқайсысының тағдыры деп біледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.
Суреттерде: «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы Қостанай филиалының директоры Сергей Могилатов митинг кезінде; құрастыру цехында.