АСТАНА. 19 наурыз. Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин 2014-2015 жылғы маусымда Әлем кубогы жарысын 8-орынмен аяқтады. Алексей осымен екінші мәрте жарыстың жалпы нәтижесінде үздік ондықтан көрініп отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» хабарлады.
2014 жылдың қараша айында басталған Әлем кубогы сайысы 14 кезеңнен тұрды. Соңғысы 15 наурызда Норвегияның астанасы Ослода өтті. Барлық кезеңде жиған ұпайларының нәтижесінде Полторанин үздік ондықтың қатарына қосылды. Ол осы маусымда бір мәрте топ жарса (Тоблах, Италия, 10 км, жекелей сын, классикалық стиль), үш рет күміс жүлдегер атанды (Лиллехаммер, Норвегия, 15 км, із қуу, классикалық стиль, Валь-ди-Фьемме, Италия, 15 км, масс-сарт, классикалық стиль, Лахти, Финляндия, 15 км, жекелей сын, классикалық стиль). Соған орай барлығы 537 ұпай жинап, жалпы есепте 8-сатыға табан тіреді. Ал сайыс барысында 1364 ұпай жиған Мартин Суннбю (Норвегия) жеңімпаз атанды. Екінші орын Дарио Колоньяға (1059 ұпай, Дания) бұйырса, үздік үштікті Петтер Нортуг (961 ұпай, Норвегия) түйіндеді.
Осыған дейін де Алексей Полторанин Әлем кубогы жарысының жалпы қорытындысында үздік ондықтан көрінгенін айтық. Ол 2012-2013 жылғы маусымда тіркелді. Тіпті ол кезде 995 ұпай жинаған шаңғышымыз жарысты 4-орынмен аяқтаған еді.
Әлем кубогының әйелдер арасындағы бәсекесінде жалпы қорытынды бойынша алғашқы алты орынды норвегиялықтар иемденді. Соның ішінен алдыңғы үштікке енген спортшылар мыналар: 1) Марит Бьерген (2172 ұпай); 2) Тереза Йохауг (1388 ұпай); 3) Хейди Венг (1332 ұпай).
Еламан Қоңыр.
Дерек: «Егемен Қазақстан».
Сурет: fis-ski.com.