АСТАНА. 19 наурыз. Әлемдегі ең ірі әлеуметтік желілердің бірі facebook тұтынушыларына жаңа қызмет түрін ұсынды. Бұдан былай аталған желі арқылы ақша аударымдарын жүзеге асыруға болады. Бұл туралы hitech.vesti.ru хабарлады.
Әлеуметтік желі бұл қызметті өзінің facebook messenger қосымшасы арқылы іске қоспақ. Желі өкілдері қызметтің тегін көрсетілетінін айтып отыр. Яғни қанша ақша аударсаңыз да ешқандай үстемақы төлемейсіз.
Бұл функция жақын айларда messenger-дің iOS және Android операциялық жүйелеріне арналған жаңа нұсқаларында іске қосылады деп күтілуде. Ақша аударымдары Visa және MasterCard карталарын жеке аккаунттарға тіркеу арқылы жүзеге асады.
Тұтынушының жеке мәліметтерінің қауіпсіздігі арнайы құпия сөздер арқылы қамтамасыз етіледі. Мәселен iOS жүйесін қолданушыларға құпия сөз ретінде Touch ID арқылы өз қолтаңбаларын пайдалануға мүмкіндік бар.
Бастапқы кезде бұл қызмет тек АҚШ-та іске қосылады. Аз уақыттан кейін жаңа ақша аударым жүйесі басқа елдерде де қызмет көрсете бастайды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: hitech.vesti.ru.
Сурет: sravni.ru.