ӨСКЕМЕН. 6 мамыр. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысына сәйкес, мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай шығысқазақстандық ардагерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға және майданда мерт болғандардың рухын жаңғырту жұмыстарына үлес қосқан ардагерлік ұйымдардың мүшелеріне салтанатты түрде мемлекеттік наградаларды тапсырды.
Атап айтқанда, Георгий Гудков, Константин Гуслев, Салих Сабилянов, Григорий Северушенков, Токтағазы Тлеубаев, Анатолий Коротков «Құрмет» орденімен марапатталды. Орденге ие болғандардың бесеуі Ленинградты, Белоруссияны, Курск доғасын және Жапонияны азат етуге қатысқан соғыс ардагерлері болса, Анатолий Коротков Лениногорск комбинатында 38 жыл еңбек еткен тыл ардагері. Сондай-ақ, Жапонияны азат ету ұрыстарына қатысқан соғыс ардагері Елеусіз Қинбаев және тыл ардагерлері Клавдия Гаврилко мен Мария Колмакова «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталса, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы тыл ардагерлері Майра Бағдатова мен Төкен Бұлқановқа және мемлекеттік қызметке ширек ғасыр ғұмырын арнаған Төлеухан Әбілқасымовқа табысталды.
«Ардагерлер – еліміздің мақтанышы. Бүгінгі бейбіт заман сіздердің арқаларыңызда орнады. Ерліктеріңіз бен ел үшін еткен еңбектеріңіз – болашаққа қадам басқан жас ұрпаққа шамшырақ іспетті қызмет етері сөзсіз. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін», деді Д.Ахметов.
Ұлы Отан соғысы жылдары Шығыс Қазақстаннан майдан даласына 170 мың адам аттанып, оның 96 мыңы оралмаған екен. 109 жауынгер мен офицер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, 22 шығысқазақстандық ең жоғарғы сарбаз наградасы – «Құрмет» орденінің толық кавалері атағына ие болған. Сондай-ақ, облыстың 9 мың тыл ардагері «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде облыста 579 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 27 468 тыл ардагері бар. Шығысқазақстандық ардагерлерге барлық бюджет көздерінен 500 мың теңге көлемінде бір мезеттік ақшалай төлем табыс етілді. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен шипажайлар мен демалыс орындарына тегін жолдама беріледі.
Думан Анаш.
Дерек: egemen.kz
Cурет: Шығыс Қазақстан облыстық Ақпараттық орталығы.