ҚОСТАНАЙ. 7 мамыр. Қостанай облысында Жеңіс мерекесін биыл қарсы алатын соғыс ардагерлері үш жүзден сәл ғана асады. Мереке қарсаңында облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов облыстағы бірқатар соғыс және тыл ардагерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов соғыс ардагерлері Молдағали Жүнісбековтың, Николай Люлюктің, тыл ардагері Мағауия Жүнісовтің кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Соғыс ардагерлері Александра Ефанова, Яков Қаратаев, Мұғадар Серкебаев «ерен еңбегі үшін» медалімен, соғыс ардагерлері Сайын Иманбаев, Алексей Комлик, Семен Яковлев Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірқатар соғыс және тыл ардагерлері «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерекелік медаліне ие болды.
Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов: «Ұлы Отан соғысында от пен оққа кеудесін тосқан аталарымыз ерлігінің арқасында бүгінгі ұрпақтары осындай бейбіт күнге жетіп отыр. Тылдағы еңбек те ауыр болды, аналарымыз жанкешті еңбегімен ер азаматтарды жоқтатпай, шаруашылықтарды жүргізді, майданға көмек берді, балаларды асырады. Бүгінгі ұрпақ мұндай ерлікті мәңгі ұмытпауы тиіс. Жеңістің 75 жылдығын да қарсы алыңыздар», деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz