Астанада дзюдо федерациясының кезекті конференциясы өтті. Жиын барысында атақты балуан, Олимпия ойындарының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асхат Житкеев ұйымның вице-президенті болып тағайындалды. Бас хатшылық қызметке Тимур Болат тағайындалды. Тимур кезінде құрлықтық, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген еліміздің мықты дзюдошыларының бірі. Сонымен қатар жиында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды.
Теннистен Астанада Президент кубогі басталды. ATP Challenger Tour мен ITF World Tennis Tour санатындағы жарыста бірқатар мемлекеттен келген спортшылар бақ сынайды. Олардың қатарында ұйымдастырушылар тарапынан Wild card-қа ие болған Әмір Омарханов пен Заңғар Нұрланұлы бар. Георгий Ломакин, Ислам Орынбасар, Ерасыл Бақтияр, Даниэль Тазабеков іріктеу сынына қатысып жатыр.
Футболдан еліміздің премьер-лигасының 18-тур ойындары мынадай нәтижелермен аяқталды: «Қайсар» – «Қызылжар» 1:0, «Тобыл» – «Қайрат» 1:3, «Елімай» – «Жетісу» 3:0, «Жеңіс» – «Оқжетпес» 0:0, «Тұран» – «Ордабасы» 0:4.