• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2015

Батыр рухы асқақтаған күн

556 рет
көрсетілді

Шығыстың қос шынарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойы   өзінің кіндік қаны тамған Қобда ауданында жарасты жалғасын тапты. Алыс-жақыннан келген қонақтар алдымен «Самара –Шымкент» күре жолының бойындағы Әлия ауылына атбасын тіреді. Аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев бастаған қобдалықтар қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, қонақжайлылықтың үлгісін көрсетті. Еліміздің барлық облыстарынан және Ресейдің Орынбор облысынан, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларынан келген қонақтар алдында аудан басшысы қысқаша сөз сөйлеп, батыр қыздың атындағы ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Оның айтуынша, Қобда өңірінен сегіз Кеңес Одағының Батыры шыққан екен. Солардың бірі Әлия Молдағұлова болса, ол осы Әлия ауылынан қозыкөш жердегі Бұлақта дүниеге келген. Қазір бұл ауылдарға газ барып тұр. Әлия ауылында су құбыры жұмыс жасайды. Мұндай игілікті аудан орталығының және бірқатар елді мекендердің тұрғындары да көріп отыр. Халықтың тұрмысы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Қайсар рухтың қайнар көзі болған батырдың есімін жаңғырту, рухына тағзым ету перзенттік парызымыз, дей келіп, бұл шараның патриоттық тәрбие берудегі маңызын алға тартты. Сол себепті де, Әлия Молдағұлованың мерейтойы елдік деңгейде, кең көлемде аталып жатқанын жеткізді. Алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтар, жергілікті халық ауыл ортасындағы Әлия ес­керткішіне гүл шоқтарын қой­ды. Қонақтар арасында Қа­­зақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Қа­зақ­станның ха­лық жазушысы, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі, «Невада-Семей» антия­д­ро­­­­лық қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменов, сенатор Елеу­сін Сағындықов, Әлияның туысқандары, Алма­тыдан арнайы келген нағашы сіңлісі Баян Молдағұлова және басқалар болды. Мерейтой қо­нақтары Мәдениет үйіне барып, облыстық патриоттық орталықтағы Әлия Молдағұлова музейімен танысты. Батыр қыздың мерейтойы Қобда ауылындағы орталық стадионда «Әлия –қаһармандық дастаны» театрландырылған көрінісімен жалғасты. Шымқай ақ киінген бойшаң жігіттер түрлі-түсті тулар көтеріп, шерулер жасады. Ұлттық киімдер киген қыздардың және әскери киім киген жастардың «Достықтың гүл дестесі», «Қызғалдақ ғұмыр – Әлия», «Ерлігімен елдің атын шығарған» хореографиялық көріністері де көрермен көңілін қозғайтын жылылыққа толы болды. Әнші Алтынай Жорабаева шырқаған «Егемен Қазақстан» әні тыңдаушысының бойына патриоттық сезім дәнін егіп, кәусар сезімге бөледі. Сахна төріне Премьер-Минис­трдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов, сенатор Елеусін Сағындықов, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көтерілді. Б.Сапарбаев мерейтойға жинал­­­­ғандарға құттықтау сөз а­рнады, биыл Қазақ ханды­ғының – 550, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының және Кон­ституцияның 20 жылдығы мере­келенетініне назар аударды. Ол жақында ғана еліміздің Ұлы Жеңістің 70 жылдығын ойдағыдай атап өткенін жеткізді. Ұлы Жеңісті жақындатуға 122 мыңнан астам ақтөбелік қатысқанын, олардың көбі майдан даласынан оралмағанын, сондықтан бірде-бір соғыс ардагері назардан тыс қалмайтынын айтты. Одан кейін Олжас Сүлейменов сөз алып, мерейтойға жиналған жұртшылықтың қуанышына ортақ­­тасты, Рамазан айымен құттық­тады. – Мәскеуде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген жиында мен 350 мың қазақтың майдан даласынан оралмағанын айта келіп, олардың барлығының аты-жөнін білмесем де, Шы­ғыстың қос шынары – Мән­шүк Мәметова мен Әлия Молда­ғұло­ваны анық айта алатынымды жеткізгенмін. Олар іңкәр сезім – махаббаттың не екенін, ана болудың бақытын сезінбей кетті. Мен қазір Әлия туған топыраққа келіп тұрмын, қазақтың қайсар қызының рухына бас иемін.Әлия апамыз елімізді, барша қазақстандықтарды аруағымен қолдап жатсын, – дей келіп, ар­қалы ақын кезінде Бауыржан Момышұлының қолқалауымен жазған Отан туралы өлеңін оқыды. Театрландырылған көріністерді композитор Бейбіт Оралұлының «Ақтөбе» әнін орындаған домбырашылар ансамблі түйіндеді. Біз мерейтой қонақтарын сөзге тартып, пікірлерін білгенбіз. Ғалымжан Байдербес, Әлия-Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Мерейтой өзіміз үшін, өскелең ұрпақтың жадында Әлия есімін, оның ерлік істерін жаңғырту үшін керек. Бұл жастарды отан­сүйгіштікке тәрбиелейтін шара ретінде есте қалады. Мұның өзі өшкенімізді тірілтіп, ертеңге ұластырудың қадамы дер едім». Баян Молдағұлова, Әлияның нағашы сіңлісі: «Әлияның адам болып қалыптасуында әкем Әубә­кірдің еңбегі зор. Ал Әлияның рухын көтеріп жат­қан жерлестеріме дән ризамын. «Өткенсіз болашақ жоқ» дегендей, Әлияның небәрі 19 жастағы ерлігі ұрпақтар есінде осылай мәңгі сақталса керек. Мерейтойдың ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде. Бізді Әлия­ның туысқан­дары деп қол-аяғымызды жерге тигізер емес». Мерекелік шара «Әлия гүлі» достарын шақырады» VІ халық­аралық би фестиваліне қатысу­шы­лардың Гала-кон­цертіне жалғасты. Қобда ауылының сыртындағы тепсеңге 40 киіз үй тігілді. Қонақ­тарды жылы қабылдап, риясыз қонақжайлық көрсетілді. Мерей­тойға жиналған халықтың асыға күткені ат бәйгесі еді. Бәйге десе делебесі қозатын қазақтың әдеті емес пе, күннің ыстықтығына қарамастан, көрер­мен көп жиналды. Көпшілік, сондай-ақ, қазақ күресі, теңге алу сынды ұлттық спорт түрлерін де қызықтады. Бәйгеге үш бірдей автокөлік тігілді. Халықтың көзайымы болған жорға жарыста елордамыздан келген Ғ.Мералының «Эдель­вейс» атты сәйгүлігі озды. 15 шақырымға шабатын тоқ бәйгеде қызылордалық Әбдіғали Шорабаевтың «Нұртөбел» деген сәйгүлігі топ жарды. Ал 25 шақы­рымдық аламан бәйгеден Мұғал­жар ауданының тұлпары алдына қара салмай, мәреге жеке-дара кел­ді. Бәйге жеңімпаздарының бар­лығы да темір тұлпар мініп қайтты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы, Қобда ауданы. Суретті түсірген Максим ТОКАРЬ.