АТЫРАУ. 5 тамыз. Атырау облысының Махамбет ауданында 75 243,0 мың теңгеге бағаланған 12 мүлік жария етілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Мүлікті жария етуге байланысты шара барысында аудан орталығында және бір ауылдық округте арнайы баннерлер орнатылыпты. Ауданда және ауылдық округтерде семинар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, буклет, кітапшалар дайындалып, үйлестіріліп таратылған.
Осындай түсіндіру жұмыстарына қарамастан, әлі де тұрғындар тарапынан мүлікті жария етуге талпыныс баяу болып отыр. Оған өткен жылдың қыркүйегінен бері арнайы комиссияға 50 адамның хабарласқаны дәлел бола алады. Оларға аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейітқалиев төрағалық ететін комиссия мүшелері заңға сәйкес түсінік беріпті.
«Қазірге дейін комиссия қарауына түскен 15 өтініштің 12-сі қанағаттандырылып, 75 243,0 мың теңгенің мүлкі заңдастырылды. Ұсынылатын өтініштердің көпшілігі тұрғын үйінің қосымша құрылысын, дүкенді жария етуге байланысты болып отыр», – деп мәлім етті аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейітқалиев.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: astana.gov.kz.