Атырауда 1 тамыздан бастап су және кәріз тарифінің бағасы қымбаттады. Өңір орталығын сумен қамтамасыз ететін «АтырауСуАрнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тарифті өсіру жөніндегі ұсынысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тарапынан қолдау тапты. Аталған департамент басшысының орынбасары Әлсейіт Сабыровтың мәлім етуінше, бұдан былай жеке тұлғалар судың бір текше метрі үшін 101 теңге 33 тиын төлейді. Бұрын бұл баға 68 теңге 28 тиын еді. Ал заңды тұлғаларға бір текше метр суды пайдаланғаны үшін тариф құны енді 316 теңге 72 тиынды құрайтын болды. Бұл баға осы кезге дейін 189 теңге 7 тиын деңгейінде сақталып келген болатын.
«АтырауСу Арнасы» басшылары тарифті өсіруге бірнеше себепті алға тартып отыр. Біріншіден, кәсіпорын шығыны көбейген болса, екіншіден, қажетті материалдар мен химиялық реагенттер бағаларының өсуі әсер еткен. Үшіншіден, су тарифтерін қалыптастырудың жаңа тетіктерін енгізуге байланысты кешенді жоспарлы іске қажеттігі туындапты. Төртіншіден, кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын іске асыру көзделіпті.
Сонымен бірге, Атырауда кәріз жүйесі тарифі де өсті. Енді атыраулық жеке тұлғалар бір текше метрге 35 теңгеден, ал өзге тұтынушылар 151 теңге 98 тиын төлеуге мәжбүр болады. Бұл қызметке төленетін баға бұрын сәйкесінше, 31 теңге 39 тиын және 122 теңге 12 тиын болған еді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.