• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2015

Кәсіпкер

340 рет
көрсетілді

Ауылдастарына монша салып берді. Ендігі ойы – техникалық қызмет көрсету стансасы мен құрылыс цехын ашу  Бәйтерек ауылының тұр­ғындары енді монша іздеп, алысқа сабылмайтын болды. «Көші-қон» бағдарламасы бойынша Ресейден осында көшіп келген жеке кәсіпкер өз қаражатына 20 орынды монша тұрғызып берді. Ел Тәуелсіздігі жарияланғалы Қызылжар өңіріне алыс-жақын шетелдерден 7 мыңға жуық отбасы ат­басын бұрған екен. Солардың бірі – Жанат Отыншиев. Ол осыдан бес жылдай бұрын Түмен облысының Голышман ауданынан қоныс аударды. Атажұртқа оралысымен 4 бала тәрбиелеп отырған келіншегі Жанар екеуі жеке шаруа­сын бірден дөңгелетіп әкетті. Үш бөлменің бір қанатын азық-түлік және тұрмыстық заттар сататын дүкенге айналдырды. Жалға алған жылыжайға көкөніс егіп, мол өнім жинаған кездері аз емес. Еңбек десе жанып сала беретін оның алға қойған мақсатына жеткенше тыным таппайтын қасиеті бар. Былтыр күзде 20 орынды қоғамдық монша салуға кіріскен еді. Жергілікті әкімдік оның бұл ниетін қолдап, ауыл шетінен жер телімін бөлуге көмектескен. Жуырда нысанды пайдалануға беріп, ауылдастарының алғысына ие болды. Қолы епсекті азамат 700 шаршы метр аумақты жылытатын тұрмыстық жылу қазандығын орнатып алғаннан кейін тағы бір ойын жүзеге асыруға кіріскен. Атап айтқанда, техникалық қызмет көрсету стансасын ашу үшін үймен жапсарлас ғимарат әзірлеп, құрал-жабдықтар орнатты. Аталмыш нысанды толық іске қосуға 360 вольттық электр қуатының жетімсіздігі бөгет болып тұрған жайы бар. Оның ендігі бір мақсаты – «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алу арқылы құрылыс цехын ұйымдастыру. Оған 10 сотық жер телімін алып, орын сайлап қойды. 270 түтіні бар осыдан 6 жыл бұрын іргетасы қаланған Бәй­терек елді мекенін «оралмандар ауылы» деп те атайды. Мектеп жоқтығынан жүзге жуық оқушы аудан орталығына қатынап оқи­ды. Мұнда екі-үш дүкеннен басқа әлеуметтік нысандардың тапшылығын ескерсек, Жанат секілді жеке кәсіпкерлердің ел­ге, жерге сіңіріп жатқан еңбегі өзгелер үйренуге тұрарлық өнегелі үрдіс дер едік. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы. сурет: http://medya.todayszaman.com