Ұлы Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарастарын академик Төлеген Тәжібаев жан-жақты зерттеп, терең талдау жасады. Ол Абайды: «Психологиялық білімдерді туған халқының арасына насихаттаушы кемеңгер ойшыл», – деп бағалады. Т.Тәжібаев «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты ғылыми-зерттеу шығармасында былай деп жазды: «Абай арнайы психологиялық еңбектер жазған жоқ, біз оның шығармаларынан психология мәселелері жөнінде аса қызық және аса бағалы пікірлер табамыз». Иә, дала данышпаны өзінің психологиялық пікірлері мен ұғымдарын көбінесе поэтикалық шығармаларында, сол сияқты өсиет-өнеге, үлгі сөздерінде («Ғақлияларында») айқын көрсетіп отырады. Сөйтіп, Абай көптеген шығармаларында өзінің психология мәселелеріне көзқарасын белгілі шамада айтып берген ең бірінші қазақ болып табылады.
Академик Абай шығармаларын зерттей келе, ақын түсінігінде өлең мен ән адамдардың жан дүниесіне кіріп кетуі керек екенін, олар халықты адамгершілікке тәрбиелеуде, адамдар арасындағы ескі феодалдық-патриархалдық қалдықтарға қарсы күресте маңызды рөл атқарулары тиістілігін, ол үшін өлең мен ән халықтың аңсаған арманы мен үміт-тілегін жырлап қана қоймай, адамдарды бақытты өмірге жетелеуі қажеттігін пайымдаған. Көркемсөздің күшін Абай мынадай бағытта түсіндіреді:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар баһар ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ – ойға олақ.
Абайдың бұл сөздерінен мынадай қорытынды шығаруға болады: поэзия адамдардың психологиясына әсер етудің мықты құралы болып табылады, бірақ оның әсер етерліктей мықты күші болуы үшін, ақын адамдардың психологиясын жақсы білуі керек.
Ғалым Төлеген Тәжібаев Абай шығармаларының балаларды оқытудағы психологиясына да ерекше мән берген. «Біздің міндетіміз – оқу-тәжірибе жұмыстарына Абай шығармаларын кең пайдалану, оны оқытушының өзі толық түсініп және оқушыларға шебер жеткізе білу керек», – деп ескертеді.
Төлеген Тәжібаев 1957 жылы «Абай Құнанбаевтың философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастары» атты кітабын жарыққа шығарды. Мұнда зерттеуші, қазақ ұлтының ағартушысы Абайдың қазақ және орыс халықтары арасындағы достық пен ынтымақты бекіте түсу, прогресшіл орыс мәдениетін меңгерту, қазақ жастарын орыс тіліне үйрету және жасөспірімдерді адамгершілікке тәрбиелеу жөніндегі педагогикалық пікірлерін анықтап, кеңінен насихаттаған.
1965 жылы жарық көрген монографиясында академик, ұлы ағартушы Абай өз шығармаларында психологиялық атауларды мейлінше мол пайдаланғандығын дәлелдеп берді. Мәселен, ғұлама ағартушы шығармашылығында «құмар» ұғымы 41 рет, «ойлау» 129, «ұят» 39, «қайғы» 16, «қайрат» 30, «арман» 15, «көңіл» 28, «ақыл» 202, «жан» 220, «ес» 30, «ұмыту» 20 рет көрсетілгендігі айқын дәлелденіп отыр. Бұл Т.Тәжібаевтың Абайдың психологиялық мұралары жөніндегі болжамдары мен пікірлерінің тиянақты да дәйекті екендігін байқатады. Сондықтан шығар, бұрынғы Кеңес Одағының көрнекті психологтарының бірі М.В.Соколов: «Қазақтың әдеби тілінің негізін қалаған Абай Құнанбаевтың психологиялық көзқарастарын зерттеу басталды, мұны алғаш қолға алушылардың бірі – Тәжібаев болды», – деп көрсетті.
Академиктің жас ғалымдарға жасаған әкелік қамқорлығы да өз алдына бір төбе. Көрнекті ғалым Ханғали Сүйіншәлиев ғылым жолындағы алғашқы қадамына Төлеген Тәжібаевтың жасаған қамқорлығын былайша еске алады: «Менің 1950 жылдардың басында аспирант есебінде жүрген кезім. Ғылыми жетекшім Б.Кенжебаев. Диссертациямның тақырыбы: «Абайдың қара сөздері». Бірақ, аталмыш тақырыпқа қарсылар да көп болды. Олар: қара сөздер Абайдың өз шығармасы ма? Соны әуелі анықтап алу керек. Біздегі мәлімет бойынша қара сөздерді Абай жазбаған. Ол – ақын. Ал Абайдың қара сөздері дегенді кейіннен ұлтшылдар қосқан, бұл – Абайға жат дүниелер...», – деп отырып алды. Мен әркімнің мұндай сөзінен қорықпай, жұмысымды тез аяқтап, қорғауға ұсындым. Бұл 1952 жылдың желтоқсан айы болатын. Бір таңғалғаным, мен қорғайтын ғылыми кеңесті профессор Төлеген Тәжібаевтың өзі басқарды. Бірінші оппонент Мұхтар Әуезов болды. Бұл тұста ол Москва университетінің профессоры болып жан сақтап жүрген. Үш ұлы абайтанушы жан-жақтан шығып (Б.Кенжебаев, М.Әуезов, Т.Тәжібаев) сөйлеген кезде зал түгел бас игенін мен бірден сездім. Осы бір кезде Төлеген ағамыздың ағыла сөйлеген сөзіне қатты ықылас қойдым. Мен бұл сөзін ғалымдық дәйектігі жағынан да, жан-жақты терең білгірлік, шебер шешендігі жағынан да ерекше сөз дер едім. Тыңдаушы қауым ішінде сүйсінгендері: «Ой, сырбаз ағылды ғой, жарайсың, Төке», – десе, қарсы топтың бірен-саран адамы: «Төлеген өлердегі соңғы сөзін айтып тұр, қайтсін-ау, шіркін», – деп тарасты. Бұл жағдаятта да ғылымдағы тазалыққа араша түсер ғалым тұлғасының асқақ екендігі байқалады.
Міне, Төлеген Тәжібаев осындай жоғары мәдениетті, жан-жақты білімді адам еді». Осы бір деректе Төлеген Тәжібаевтың қайраткерлік қарымдылығы қалыптасқан бірегей тұлға екендігін көрсетеді. Жалпы, айтар ойымызды түйіндейтін болсақ, ұлы Абайдың кемеңгерлік қасиетін өзге жұртқа танытуда үлгі-өнеге көрсеткен ұлағатты ұстаз, қажымас қайраткер, академик Төлеген Тәжібайұлының жарқын бейнесі бүгінгі ұрпақтың жадында жаңғыра түсуге тиісті.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі педагогика және психология кафедрасының доценті.
АТЫРАУ.