• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2015

Қажылыққа бару тәртібі реттелді

749 рет
көрсетілді

Жақында ҚМДБ Қажылық миссия­сының өкілдері Сауд Арабиясы Қа­жылық министрлігінің лауазымды қызметкерлерімен кездесіп, қажылық сапарына қатысты туындаған кейбір мәселелер төңірегінде келіссөздер жүр­гізді. 

Қазақстандық делегация бұ­ған дейін қажылыққа байланыс­ты (ұшу кестесінің қолайсыздығы, қажылық сапарының 30 күнге созылуы, тікелей рейстің болмау себебінен халықаралық әуежайларда 16 сағатқа дейін күту, билет бағасының көтерілуі, т.б.) төңірегінде туындаған мәселелерді отандастарымыздың пайдасына шешуге қол жеткізді. Биыл қажылық сапары 2015 жылдың 11 қыркүйегінен басталады. Басты жаңалық – тұңғыш рет Астана, Ал­маты, Шымкент қалаларынан Жидда бағыты бойын­ша тікелей рейстің ашылуы. Бұл – Қазақстан қажылары үшін мол мүм­кіндік, үлкен жеңілдік. Жидда қаласына тікелей рейстің болмауына байланысты Қазақстан қажылары Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақ үйле­рінде немесе күту залында ұзақ уақыт өз рейстерін күтетін. Орта жолда ихрамды (ер кісілердің қажылық кезінде киетін тігісі жоқ екі ақ мата) киюде де қолайсыз жағдайларға тап болатын. Саудия билігінің қажы­лық ережелеріне өзгерістер енгізуі нәтижесінде Қазақстан қажылары үшін тікелей рейстердің кестесі бекі­тілді. Қажыларды тасымалдау жұмысын Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті арасында қабылданған меморандум бойынша белгіленген арнайы әуе компаниялары жүзеге асырады. Бұған дейін жерлестеріміз тран­зиттік рейстермен бір күнге жуық уақытын, дәлірек айтқанда, 14-16 саға­тын жолға шығындаса, енді 6 сағаттың көлемінде қасиетті қалаға баруға мүмкіндік алды. Игі бастама ең әуелі уақыт пен қаржыны үнемдеуге оң ықпал етеді. Енді бесінші парызын өтеуші азаматтар Қазақстаннан ихрам киімін киіп, тікелей Мекке қаласына бағыт алады. Жуырда ақпарат құралдарында талқыланған қажылық сапарының 30 күнге дейін ұзақ мерзімге созылу мәселесі де Сауд Арабиясында өткен келіссөздер нәтижесінде 17-22 күн мерзімге уағдаласылды. Осы­ған орай, қажылық шығындары да азаймақ. Бүгінгі таңда қажылыққа баратын азаматтардың таңдауы бойынша, материалдық мүм­кіндіктеріне орай оларға әртүрлі дең­гейдегі стандарт пакеттер ұсыныл­ған. Қажылық фирмалардың ұсынған стандарт пакеттегі бір адамға жұмсалатын шығын 3200-3900 долларды құрайды. Тіпті, 2900 доллар көлеміндегі экономпакеттер де қарастырылған. ҚМДБ қажылық миссиясы фир­малардан бағаны себепсіз көтермеуді ескертеді әрі бұл мәселені қадағалайды. ҚМДБ осы ескертулерді орындамаған фирмаларды қажылық квота беру құқығынан айырып, оларға қатысты шаралар қабылдайтынын да мәлімдейді. Діни басқарма қажыларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан мүдделі. Қажылық – құлшылық ету деген сөз. Қажылық сапарын туризммен немесе табыс табу көзімен бай­ланыстыруға болмайды. Алайда, қа­жы­лық талаптары мен ережелерін қатаң сақтауды да ұмытпауымыз керек. Көптеген мұсылман елдерінде қажылық сапарын сол мемлекеттің ресми мүфтияты, яғни діни басқармасы ұйымдастырады. Мұндай жүйе Түркияда бұрыннан қалыптасқан. Қа­зақстан мұсылмандары діни бас­қармасы еліміздегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосу мақ­­сатында қажылық сапарының ұйым­дастыру жұмыстарын 20 қажы­лық фирмалардың құқығына берген. Діни басқарманың ұстанымы – ашық нарық жүйесін одан әрі дамыту, қажылықтың ұйымдастыру жұмыстарын белгілі бір құрылымның жекеменшігіне айналдырмау, қажы­ларға көрсетілетін қызмет сапасын жоғары деңгейге жеткізу, қажылық мау­сымында әділ әрі ашық жұмыс жүргізу жүйесін қалыптастыру. Мүф­тият осы мүдделер тұрғысынан талап қояды және оның жүзеге асуын бақылайды. ҚМДБ Қажылық миссиясының негізгі міндеті – қажылық маусымын­да атқарылатын діни рәсімдерді, құл­шылық ету тәртіптерін түсіндіру, діни сауаттандыру жұмыстарын жүрг­і­зу, қажыларға қолайлы жағдай жасау шараларын үйлестіру.

«Егемен-ақпарат».