«Мәңгілік Ел» идеясының негізі – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық, білімдарлық, төзімділік», деген Елбасы көпшіліктің көкейіндегі сөзін айтты. Өйткені, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттерден Қазақстан халқын ерекшелеп тұрған осы қасиеттер.
Көршілес елдерге есік-тереземіз айқара ашық болғандықтан, басқасын былай қойғанда, көршінің күйкі тіршілігі мен күнделікті күңкіліне дейін естіп, біліп отырасың. Алпауыт елдердің әлемдегі алыс-беріс, барыс-келіске құрылған қоян-қолтық қарым-қатынастары да алақаныңда тұрғандай. Сондағы бір байқағанымыз, азуын айға білеген мемлекеттердің де шешімі табылмаған шырмаулы мәселелері жетіп-артылады екен. Азаттық үшін қанша қан төгіп, жан берген халықтар да ақырында аңсар еткен мұраттарына қол жеткізе алмапты. Сөйтіп, даңқынан жер жыртылған астаналы жұрттардың өзі мына дөңгеленген дүние дидарынан кезегі келген күні зым-зия ғайып болып кете беріпті. Соған қарағанда, ұлт пен ұлыс атаулының да әуелде пешенесіне жазылған, тек өзіне ғана тән тағдыры болатыны рас сияқты. Тарих парақтарында осыған ұқсас оқиғалар көп. Табиғатпен кемел келісімде өмір сүрген бабаларымыздың аңсары аз болмапты. Ғажабы сол, әлгі арман-аңсар атаулы көктеп өніп, көгеріп шығатын қолайлы күні туғанша ұрпағының жадында өмір сүре беретінге ұқсайды. Заманына сай адамы, оның ыңғайына қарай қоғамы құбылған сайын әлгі аңсарлардың дені қол жетпес буалдырдай болып кейінге ысырыла берген. Мың өліп, мың тірілген арда қазақтың армансыз күні аз болғанына көзіңізді жеткізгіңіз келсе, алып тұлға Алатаудың қарлы шыңдарына, қасиетті Қаратаудың құба жондарындағы «бос тайлақты» көш іздеріне тағы бір үңіліп көріңіз... Ерекше міндет жүктейтін озық идеялар қай заманда да болған және бола бермек. Солардың тұтас ұлтты ортақ мақсат-мүдде жолына ұйыстыратын кемел идеологияға айналып, мәртебелі мұраттарды мәңгілендіргені, сөйтіп, өміршең қағидаттармен қабыса алғандары тым сирек. Жаратқанның қалауымен байтақ иеленіп отырған біздің қазақты айтпағанда, мәңгілік мұраттар туралы былайғы жұрттың біразы бас қатырып көрген. Амал қанша, тарих сүзгісі солардың көбінің заты түгіл атын да сақтап қалдыра алмаған. Мемлекет тізгінінен айрылып қалу себептеріне ден қойып, ізін індете бастасаң, жермен-жексен болған қалалардың орны, қабырғалы қамалдардың үйіндісіне кезігесің, кейбірін мұрағатта сарғайып сетінеген құжаттардың бетінен ғана ұшыратасың. Осыдан кейін қай халықтың да тағдыр-талайын жасайтын толымды тұлғалары екендігіне иланбай көріңіз. Халық тағдыры тығырыққа тірелген сәттерде бабаларымыз қара қобызға жүгініп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын Жерұйық мекенді аңсапты. Сөздің күшін семсерге санап, сертке жұмсаған далалықтар ақыры қолдан келер қайран болмағасын кейінгіге аманат-сөз қалдырыпты. Біздің өлең, жыр деп жүргеніміздің дені елім, жерім деп еңіреген сол есілдердің Күн астын күңірентіп, қу толағай жастанып жүріп ұрпақтарына жолдаған үндеуі. Азаттық жолында шыбын жанын шүберекке түйіп, жалаңаш кеудесін жау оғына тосқан әр қазақ Отан үшін отқа түскен жанкешті шаһидтің қатарында. Олай болса, елін сүйетін ұрпақ есіл ерлердің ерен есімдерін құрмет тұтып, рухын қастерлесін. «Мәңгілік Ел» патриоттық акт жобасының діттеген изгі ойының бірі – осы. Ел мен ерді ілгері жетелеп, болашақ белестерге бастайтын үкілі үміт қой. Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіретінін, осы тізімнен үміттілер қатарында тағы да алты мемлекет тұрғанын тілге тиек етіп келеді. Елі сенген Елбасы небәрі екі онжылдықта әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын, үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырып үлгерген талантты әрі толерантты халқының сол үміттің үдесінен толық шыға алатынына, сөйтіп, жаһандық нарықтағы сын-қатер, әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар мен жаңа дағдарыстардан сүрінбей өтіп, мүлдем жаңа өмір сапасына көтерілетініне сенімді. Қиядағыға қол жеткізу оңай емес, әрине. Дегенмен, көп жұмылса көтерілмейтін жүк болмайды. Дамыған қоғам үдерісінде кездесетін осындай өткелдерде омақаса құлап, жазым болып жатқан елдердің сиқын күнде көріп, хабарын сәт сайын естіп жүрген бізге осы сын-белестен сүрінбей өтуді жазғай. Елбасы өмір-абыздың ашқан алақаны қандай жұмсақ болса, керісінше, жұмған жұдырығы тым қатты екенін айтудан бір жаңылған емес. Оның саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани тәуелсіз ел болудың түйінін тарқата түсу үшін ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясы – тарихта кеткен есеміздің қайта бастаған қарымтасы. «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз!» деген сөзінде уақыт тозаңына көміле бастаған байырғы қазақтың көкірегін кернеген мүдделердің, бүгінгі қатпары қалың мәселелердің түп аңғары көрсетілген. Дүние дидарындағы ешбір мемлекет өзімен көрші отырған ұлт пен ұлыстардың тарихы мен тағдырынан бөлек, азат кеңістікте дами алмайды. Қазақстан да солай, оның тарихы ел табанына әр кезеңде, түрлі тарихи жағдайларға орай қоныс аударып келіп, осы топырақтан нәпақасы мен бақытын тауып, өсіп-өніп, көктеп-көгерген жүзден аса ұлт пен ұлыстың тарихи тағдырымен тұтасып кеткен. Сондықтан да олар бізден, біз олардан бөліне алмаймыз. Уыздай ұйып отырған түрлі этнос өкілдерінің ойында татулық пен бірліктен бөтен, қазақстандық патриотизмнен өзге сезім болып көрген емес. Мемлекет басшысының «Бір ел – бір тағдыр!» идеясы сөзіміздің жарқын дәлелі. Тағдырға дауа бар ма, бір заманда бөле жеген күйік құйқа мен күлге көмілген күйелеш күлшенің дәмі бұл күнде ұлттық бірлік, бейбітшілік, келісім, зайырлы қоғам, руханият, тарих, мәдениет пен тілдің ортақтығы арқылы жаңа – «Мәңгілік Ел» идеясының ұйытқысына, мемлекет құраушы жалпыұлттық құндылықтарға айналды. Бабаларымыздың жан азығы болған, олар мәртебе тұтып, аңсар еткен мәңгілік мұраттардың мемлекет дамуының алтын қазығына айналып отырғанын көріп, көңіліміз көншігенде кеудені қуаныш кернейді. Кешегі орындалмастай көрінген идеалдардың бүгінгі асқақ идеяға негіз болып, біртұтас ұлттың идеология арқауына айналуы дегеніміз осы емес пе? Жалпы, жаһандық үдерістер тасқыны жүріп жатқан бүгінгідей алашабыр кезеңде аждаһалардың алқымында жұтылып кетпей, дамудың даңғылына түсіп, ұлтаралық бірліктің жолына бет бұрудың өзі бір бақыт! Халық арасында «Ақымақтың ақылы – көзінде, ақылдының ақылы – төзімінде» деген уәзипа бар. Елбасының толеранттылық деген астарлы ұғымды не үшін жиі қолданатынын осыдан аңғарамыз. Ал, төзімділік – ақылды адамның, дегдар халықтың ерекшелігі есебінде ұлтымыздың мәңгі мұраттарының қатарынан орын алған. Асығыс әрекеттің жарға жығатынын білген бабаларымыз қай нәрсенің де ақырын күткен. Сөйтіп, қай істе де «абайлап жүріп, анық басуды» тапсыратын болған. Төзімділік сөзінің жақын жекжаты «мүлдем төзбеушілік» ұғымы да ұлттық мұраттардың тізбесінде. Тең отыруға төзсе де, кем отыруға төзбеген аталы жұрттың мүлдем төзбеген қиянат қағидасының бірі – әділетсіздік еді. Төрелігін әділ айтқан «туғаны жоқ» тура бидің сөзіне қарай аунап түсіп, «туғанды биде иман жоқ» деп әділетсіз адамның әрекетінен тізгін тартып қалатын, басын бәйгеге тіккен қас ерлерді ғана қадірлейтін халық әлі күнге солардың үлгілі ісін көпшілікке өнеге етумен келеді. Ежелден ділі қарсы бейқасиеттің бірі – парақорлықты екіжақты қарастырған далалықтар «алушы – жемқор, беруші – сыбайлас» деп, қоржын басын баяғыда-ақ теңестіріп қойған. Ақиқатында сыбайлас жемқорлық кеше-бүгін басталған дерт емес. Бұл әлеуметтік кеселдің тамыры қоғамдастарымызбен кіндіктес болғанымен, оның өзегіне өрілген ілкі бастау тым әріде. Ұлы мұраттардың, ұлт алдына қойылған мақсат-мүдделердің мезгілінде орындалмауының, мемлекет ісіндегі кейбір маңызды міндеттердің кешеуілдеп жүзеге асуының басты себептері де осындай жайттардан болса керек. Мемлекет басшысы аталмыш мәселеге, әсіресе, жастардың назарын ерекше аударды. «Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны іске асыратын да, жемісін көретін де сіздер» деді, ел ертеңіне алаңдаушылық танытқан Елбасы. «Мәңгілік Ел» – байырғы бабаларымыз мәртебе тұтқан идеалдарды ұлттық идеологияға айналдыра білген үлгілі жол! «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» деген Президент ескі дәуір мен бүгінгі күннің арасын жалғап тұрған бабалардың алтын тінді асыл арманы – ұлтымыздың мәртебелі мұраттарына жол көрсетті. Сөйтіп, көне тарихтың тасасында қалған асылдарымыздың ақиқатын арши түсті. «Елдің атын ер шығарады, Ердің аты елімен шығады» деген уәзипа бар. Бұл толымды тұжырым Ел мен Ердің тағдыры қашан да егіз екенін көрсетеді. «Ерім дейтін елі болмаса, Елім дейтін ер қайдан болсын?» деген аталы сөзін бабаларымыз бірдеңе білгендіктен айтқан. Бұл күнде Елбасы, Егемендік, Ел ертеңі деген үштаған ұғым халықтың санасында балталасаң бұзылмайтын қағидаға айналып үлгерді. Оның алтын арқауы мәртебелі мұраттарымызбен жалғасып жатыр.
Берік ЖҮСІПОВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Алматы қаласы бойынша департаменті
бөлімінің консультанты.