• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Сан емес сапаға бет бұрған

268 рет
көрсетілді

Оңтүстік индустриялық аймақтар бойынша республикада көш бастап келеді Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Түркістан» салтанат сарайында облыс әкімі Асқар Мырзахметов ел алдында жыл бойы атқарылған жұмыстарының есебін берді. Оңтүстікте республикалық деңгей­мен салыстырғанда айтарлықтай оңды іс көп. Мемлекет басшысының «Ша­ғын және орта кәсіпті Оңтүстіктен үйрену керек» деген пікірінің өзі әрбір оңтүстікқазақстандық үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Қазір әлемді дағдарыс толқындары қақпақылға салып тұр. «Мықтымын, жер қозғалса қозғалмаймын» дейтін мемлекеттердің өзі аяғын апыл-тапыл басып қалды. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Біз экономикасы кері шегінген ел емеспіз» деп нақты жағдайға талдау жасай отырып, әр өңір басшыларына міндеттерін тағы да шегелеп берген. Нақтырақ айтар болсақ, жұмыс орындарын қысқартпау, жаңа жұмыс көздерін ашу, ел алдындағы әлеуметтік мін­­деттемелерді аяғына дейін орындау, т.б. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің есебін біз ішінара бөліктерге бөліп, сараптама жасап көрдік. Жұмыспен қамту – елді дамыту деген қисынға салсақ, Кеңес Одағы кезінде осы Шымкентте фосфор зауыты, қорғасын және шина зауыты сияқты ірі кәсіпорындар болды. Онда 20 мыңға жуық адам жұмыс істейтін. Облыс басшысы әлдеқашан ізі қалмаған сол ескі зауыттардың орнын немен алмастырды, қанша жұмыс орнын ашуға мұрындық болды? Жалпы өңірлік өнім 200 млрд. теңгеден асып, жыл қорытындысында 2,3 трлн. теңге құраған, экономикалық өсімі алты пайыздан асқан облыстың өнеркәсібінің жайы қандай? Нақты жағдай мынадай. Кәсіп­орын­­дарда 649,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бұрнағы жылдарға қара­­ғанда 97 млрд. теңгеге артқан. Осыны рес­публикалық көрсеткішпен салыстыр­ғанда үшінші орында келеді. Өңдеу өнеркәсібінің өнімі 414,2 млрд. теңге екендігін ескерсек, жаңа технологияны енгізудің арқасында еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 76,3 мың долларға жеткен. Мұны да республикалық көрсеткішпен салыс­тырғанда, алдыңғы орындарды иеленеді. Жұмыспен қамту деген мәселеге оралар болсақ, Оңтүстіктің жарқын істерінің бірегейі, былай айтқанда, «фишкасы» – Индустриялық аймақтар кешені. Бұл жөнінде республикамыздың бірде-бір аймағы Оңтүстікпен шендесе алмайды. Индустрияландыру картасы бойынша құны 1,2 трлн. теңгеге жететін және 33 мың жұмыс орнын ашатын 233 жоба іске қосылып жатыр. Бұл республикалық көрсеткішке шаққанда ең жоғары орын. Елбасы индустрияландыру картасы жайлы тапсырма бергенде мүмкіндігіне қарай ауылдық жерлерді де қамтуды айтқан. Бұл тапсырманың Оңтүстікте орындалуына келсек, жобалардың 65 пайызы ауылдық жерлердің үлесіне тиеді. Бүгінде 137 жоба іске қосылған, онда 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осы­ның ішінде 79 жоба 90-100 пайыз ­мүм­­кіндігін қосты. Бұл көрсеткіште Оң­түс­­­тік республика бойынша алға шығып отыр. «Оңтүстік» АЭА бойынша 19 жоба мақұлданып, 8-і іске қосылған. Онда құны 103 млрд. теңгені құрайтын 11 жобаның құрылысы жүргізілуде. Осы кәсіпорындарда 7 128 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс әкімдігінің тегеурінді жұмыстарының нәтижесінде бюджеттік 1 теңгеге 14 теңгенің жеке инвестициясы тартылды. Индустриялық аймақ туралы сөз сабақтар болсақ, республикада алғашқылардың бірі болып ашылған «Оңтүстік» индустриялық аймағында 71 жоба бойынша 77 млрд. теңге тартылған. Мұнда 1 бюджеттік теңгеге 18 теңге жеке инвестиция салынуда. Яғни, жеке сектордың ақшасы мемлекет пайдасына жақсы жұмыс жасап жатыр. Елбасының өзі үлкен мән беріп отырған Индустриялық аймақ мем­ле­кеттің экономикасын көтерудегі қоз­ғаушы күшке ие. Алайда, Оңтүстік индус­триялық аймағында бос жер болма­ғандықтан облыс әкімдігі Шымкент қаласының аумағынан 4 индустриялық аймақ құруға шешім қабылдады. Сонда Шымкенттегі бес индус­трия­лық аймақ пен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 140-қа жуық жоба іске қосылып, 22 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Сөз басында фосфор, қорғасын және шина зауыттарында 20 мыңға жуық жұмыс орны болғанын айтқанбыз. Ал, тек индустриялық аймақтардың ғана 22 мыңнан астам жұмыс орнын беретіндігін есептесек, Оңтүстіктің әлеуетінің қан­шалықты екендігі айқын байқалады. Сонымен қатар, облыстың барлық аудан, қалаларында индустриялық аймақ құрылысына 1 200 гектар жер бөлінді. Мұнда 39 млрд. теңгеге 43 жоба іске қосылады. Бұл дегеніңіз, 5 793 адамға жаңа жұмыс орны. Жалпы, бюджеттің кірісі 220 млрд. теңгені құрап, 3,7 пайызға артты. Жер­гі­лікті бюджетке 79 млрд. теңге түсіп, 8,6 пайыз­ға артты. Даму бюджеті 101 млрд. теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 2 есеге өсті. Бюджет қаржысын игеру 99,8 пайызды құрап, Оңтүстік республикада алдыңғы үштікте еркін келеді. Облыс әкімдігінің жанынан құрыл­ған «Шымкент – инновация» табыс­ты­ жұмыс жасауда. Осы орайда, шетел­­дік іссапарда қол қойылған келісім­дердің нәтижесінде 1,4 млрд. доллар құрайтын 29 шетел ­жобалары іске асырылуда. Өндірген өнім, дайын тауарларды тасымалдауда сау­да логистикалық орталықтарының маңы­зы зор. Шымкенттегі 92 гектар аумақта 8 ірі жобамен жұмыс жасауға кіріс­кен сауда логистикалық орталығынан бө­лек ірі аудан, қалалар – Мақтаарал мен Түркістанда да логистикалық орталық­тар салынуда. Кәсіпкерлік және ауыл шаруа­шы­лығында да облыс республика бойынша алдыңғы қатарда. Облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған «Максимум» орталығы 6,9 млрд. теңгеге 1 359 жобаны қаржыландырған. Жобалардың дені ауылдық жерлерде жұмыс жасауда. «Кәсіпкерлікке қызмет көрсету ор­та­лығы» арқылы өз ісін оңдағысы, жақсы тәжірибе алғысы келген 45 мың кәсіп­кер бизнестің қыр-сырына қанық­ты. Соны­мен бірге, «Кәсіпкерлік мектебі» ашы­лып, ­аудан, қалаларға тамырлап жатыр. Ауыл шаруашылығы бойынша об­лыс­­та егістікті әртараптандыру, зама­науи технологияларды ендіру, бос жер­лерді игеру, мал және балық шаруашы­лы­ғын дамыту бағытында арнайы іс-ша­ралар қабылданып, жұмыстар атқарылуда. 21,6 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 140 мың гектар айналымға қосылды. Жеміс-жидектің көлемі 26,2 мың гектарды құрады немесе бұл кеңестік дәуірде болған ең көп көлемнен 1,2 мың гектарға артып отыр. Ал, өнім кеңестік дәуірде ең жоғары көлемнен 6 мың гек­тарға артып, 34 мың гектарға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштің 84 пайызы. Жылыжайлардың көлемі 910 гектарға жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, республикалық көрсеткіштің 87 пайызы. Осының есебінен 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі өндірілді. Облыс әкімі әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды осылайша жеке-жеке жіліктеп берді. Түйіндей айтсақ, Оңтүстік экономикасы дәуірлеп, респуб­ликада алдыңғы қатарда келеді. Санға емес сапаға жұмыс жасалып жатыр. 1 700 орындық «Түркістан» сарайына әкімнің есебін тыңдауға келген тұрғындар осы жағын баса айтып жатты. Сан алуан сұрақтар қойылды, нақты жауаптар алынды. Жазбаша берілген сұрақ, ұсыныстарға әкім жергілікті басы­лымдарда жауап бермек. Жиын соңында Парламентте ұзақ жыл халық қалаулысы болған, бүгінде еңбек ардагері Орынбай Рах­манбердиев облыс тұрғындары атынан А.Мырзахметовке Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын мүлтіксіз орындап жатқаны, аймақ ­экономикасын көтергені үшін разылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.