• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2015

Тағдырларына арашашы болғымыз келеді

315 рет
көрсетілді

Ақтау қаласында орналасқан «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесі қадағалаусыз, панасыз қалған және ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмысымен айналысып келеді. Орталықтағы осы қызмет барысы, балалармен жүргізіліп жатқан құқықтық-тәрбиелік жұмыстар жөнінде мекеме басшысы Гаухар БЕГЕШПЕН тілдескен едік. 

– Гаухар Санаққызы, сіз басқарып отырған орталықтың бес жылдың үстінде тарихы бар екендігін білеміз. Мақсаты мен міндеттері де белгілі. Әйтсе де, осы бағытта әңгіме өрбітсеңіз.

– Білім және ғылым министрінің «Кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау қағидаларын» басшылыққа алатын мекемеміз ата-анасы мен заңды өкілдерінің тарапынан қадағалаусыз қалған, сонымен қатар,  өмірлік қиын жағдайға тап болған үш пен он сегіз жас аралығындағы кәмелетке толмағандарды бір айдан бастап 3 айға дейінгі мерзімде қабылдауды, олардың ата-аналары анықталғанға дейін  уақытша күтіп-бағуды, өмірге бейімдеуді және бұдан әрі қарай орналастыруды  қамтамасыз етумен айналысады. Жұмыс барысында біз  баланың жан-жақты тұлғалық және толық дәрежеде дамуына жағдай жасай отырып, отбасымен қарым-қатынас орнату, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өмірге бейімдеу үшін оқу-тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру, олардың құқықтарын қорғай отырып, педагогикалық-әлеуметтік-психологиялық көмек беру, рухани жан-дүниесін байыту міндетімен шұғылданамыз.  Орталыққа орналастырылған кәме­летке толмағандар жасына және жынысына қарай мектепке дейінгі топтар және мектеп жасындағы топтар болып бөлінеді де, оның ішінде ұлдары, қыздары бөлек-бөлек орналастырылады.

– Балалардың мінез-құлқына, тәрбиелік қалыбына әсер ету үшін қызметті қалай үйлестіріп келесіздер?

– Білім және ғылым минис­трлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық даму жос­парына енгізілген тармақтар бойынша балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұйымдастыру жұмыстарын басшылыққа ала отырып орталықта «Отбасын қолдау қызметі» тобы құрылып жұмыс атқаруда. Құрамында тәрбиешілер, психолог, әлеуметтік педагогтар, мейірбикелер бірігіп жұмыс атқарады. «Отбасын қолдау қызметінің» негізгі мақсаты өмірде қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға және отбасына осы жағдайдан шығу үшін әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, отбасынан алыстаған жасөспірімдерді отбасына оралту мақсатында барынша ата-ана мен жасөспірімдерді жақындастыруға тырысу. Ата-анасымен және жас­өспіріммен жеке сөйлесіп, арасындағы түсініспеушіліктерді қалпына келті­руге тырысамыз, кей жағдайларда әке-шешелерімен телефон арқылы сөйлесіп, кей жағдайларда кездесіп жасөспірімнің орталықтағы жүріс-тұрысынан хабардар етіп отырамыз.  Сондай-ақ, күніне жасөспіріммен сөйлесіп ақыл-кеңестер айтып, олардың өмірге, ата-анасына, отбасына деген сүйіспеншілігін оятуға күш саламыз.

Әлеуметтік жағдайы төмен, яғни мүгедек, көп балалы, аз қамтылған және жайсыз отбасыларға, дағдарысты және басқаны басынан кешірген, көмек сұрап келген ата-аналарға көмек көрсету де назарымызда. Сөйтіп, тәрбиеленушінің өмір сүру  жағдайын зерттеп, дау-дамайлық жағдайларды, тәртіптегі ауытқуларды анықтап, уақытында  әлеуметтік  көмек және қолдау көрсетуді күн тәртібіне қойдық.  Орталықта кәмелетке толмағандармен  кәсіптік-еңбек, оқу-танымдық, сауықтыру, дене-шынықтыру бағыттарында жұмыстар жасалуда. Тәрбиеленушілердің ой-өрісін, мәдениетін жетілдіру мақсатында Ақтау қаласындағы кинотеатр,  қуыршақ және драма театрмен, облыстық мұражай сынды мәдени ошақтармен  байланыс жасап, демеушілік түрінде қойылымдардың көрсетілуіне келісімшарттар жасалды. Орталықта жасөспірімдердің денсаулығын қадағалау үшін арнайы дәрігерлік пункт жұмыс істейді. Сондай-ақ, олардың денсаулығымен бірге тазалығына, құқықтарының сақталуына  да ерекше мән беріледі. Тәрбиеленушілерді еңбекке баулу бағытында тәрбиелік шаралар жасалуда.

– Орталық табалдырығынан аттайтын жасөспірімдер саны қаншалықты ауытқушылыққа ие?

– Біз үнемі қиын жағдайға тап болған отбасыларға, оқу орындарына, балалар үйіне, балалар ауылына және  баспанасына барып кездесулер өткізіп отырамыз. Деректерге сүйенсек, 2012 жылы 175 отбасыға, 186 кәмелетке толмаған жасөспірімге кеңестер берілді. 26 отбасы мүшелерінің құжаттарын жетілдіріп беруге, жаңа құжаттар дайындауға көмек көрсетілді. Ал  2013 жылы жалпы 191 жасөспірім орналасып, олардың отбасымен, ата-анасымен отбасындағы түсініспеушіліктердің барынша шешілуіне, отбасына оралуына көмек көрсетілді,  180 жасөспірімнің ата-аналарына ақыл кеңестер беріліп, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде олар отбасына оралды. Өткен жылы орталыққа 182 жасөспірім орналас­ты. 158 жасөспірім түнгі мезгілде жүргендігі, бірқатары заңды өкілінің қадағалауынсыз жүргендігі салдарынан, өзге де себептермен орналасқан болатын. Кейбір балалар ата-анасымен жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде отбасына қайтарылды. 8 жасөспірім  арнайы мектеп интернатқа, 11 жасөспірім балалар баспанасына, 3 жасөспірім  балалар ауылына, бір бала облыстық балалар үйіне орналастырылды.

– Сіздің орталықта жүргізілген жұмыстардан кейін үйіне оралған жасөспірімдермен арада байланыс бар ма?

– Мұндай балаларды біз өз еңбегіміздің нәтижесі ретінде қадағалап отырамыз. Мысалы, 1996 жылы туған Әйгерім және 1997 жылы туған Ләззат есімді қыздар ата-анасымен, әсіресе, қыз балалар аналарымен келіспеушілік салдарынан үйлерінен кетіп қалуды әдетке айналдырған. Өз тәрбиелеріне көндіре алмаған ата-аналары бізге жүгінді, ал біз ол қыздарды орталыққа әкеліп орналастырдық. Әбден мезі болған аналары  заңды түрде балаларынан бас тартуға дейін барса, жасөспірімдер де үйіне оралғысы келмейтінін айтты. Бұл өте қиын жағдай. Алайда, орталық әлеуметтік педагогтарының жеке жүргізген әңгіме-кеңестерінің және психологтың профилактикалық жұмыстары нәтижесі жасөспірімдер мен ата-ана арасындағы келіспеушіліктің шешілуіне әсерін тигізіп, қазіргі таңда жасөспірімдер отбасына оралды. Ата-аналары үнемі хабарласып,  отбасындағы жағдайдың жақсарғанын қуана жеткізеді. Сонымен қатар, 1998 жылы туған Анатолий есімді жасөспірімнің анасымен байланыса отырып, жасөспірім медициналық тексерілуден өткізіліп, құжаттары толықтай жасақталынып берілді. Анасы ауруханадан толық ауруынан айығып шыққанша балаға педагогикалық-психологиялық профи­лактикалық жұмыстар жүргізіліп, анасымен қайта қосылды. Қазіргі таңда бір отбасының үш бірдей баласы қабылданып, олардың да әлеуметтік жағдайына көңіл бөлініп, құжаттары толықтырылды. Биыл жыл басынан бергі төрт ай ішінде орталыққа  103 бала келіп түссе, оның 97-і ата-ана қадағалауынсыз жүргендігі үшін орналастырылды, қалған 5-уі ата-анасының қамқорлығынсыз  қалып, қазіргі таңда орталықта тәрбиеленуде. Жинақтап айтсам, 2011 жылдан бастап қазіргі таңға дейін орталыққа  түскен 1092 жасөспірімнің 1015-і түнгі мезгілде ата-ана қадағалауынсыз жүргендігі үшін орналастырылды, 46 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, яғни жетім балалар ретінде орналас­ты, ал 25 бала арнайы білім беру ұйымдарынан жіберілген.  Қазіргі таңда балалардың қадағалаусыздығы мен панасыздығы профилактикасының тиімді жүйесін және кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау бойынша тиімді шаралар жасау, сондай-ақ осы бағыттағы жұмыс саласында істейтін бәріміздің жұмыла көтерер ісіміз екенін ескеріп, бала тағдырының жақсы жағына шешілуі, бақытты елдің бақытты ұрпағын тәрбиелеп шығару үшін  жете қызмет атқарудамыз. Бала тағдырына қандай жағдайда да арашашы болып, олардың маңдайынан сипай отырып, еліміздің дұрыс азаматы болып қалыптасуына әсер ете алсақ – біздің мақсат-мұратымыздың орындалғаны.

Әңгімелескен

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.