2000-шы жылдардың басында Шыңжаңдағы қазақ газетінің шақыруымен «егемендік» бір топ журналист Аспанасты елінде аптадан артық болған. Дүниежүзіндегі жүзім тұқымының бәрі өсірілетін Тұрфан қаласының ескі орнында болғанымызда туристердің көптігіне қатты таңырқаған едік. Еуропаның сексен жастан асқан қариялары бір-бірін сүйемелдеп консервацияға алынған қалашықты аралап жүргендері және сүйсіндірді. Олар Лас-Вегас сияқты жарқ-жұрқ қалалардың қызуына әбден тойған. Жиған-тергенін туризмге салатын оларды ежелгі қала орындары ерекше қызықтырады екен.
Туризм – үлкен қаржы, мемлекет байлығы. Бүгінде мұнайлы Араб Әмірліктерінен бөлек, Испания сияқты жалаң-жұтаң мемлекеттерді асырап отырған осы туризм. Жерасты байлығы сарқылуы мүмкін, ал туризм таусылмайтын қазына.
Ішкі туризм біздің елде де қарқынды болмаса да дамып келеді. Оны «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев нақты мысалдармен айтып берді. Күллі түркі дүниесі үшін қастерлі мекенге соңғы үш жылда 2 млн.-ға жуық турист келген. Мәселен, 2013 жылы 700 мыңдай турист келсе, 2014 жылы саны 1 млн.-ға жуықтаған. Ал, биылғы жылдың алты айында 594,8 мың турист Түркістанға арнайы келіпті. Сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде киіз туылдырықты қазақты ел қылған, ұлан-ғайыр жерінің шетіне жау аяғын бастырмаған, азаттықты аңсап өткен хан, би, батырларымыздың дені мәңгіге дамылдап жатыр. Бүгінде атағы алысқа кеткен Қазақстанды көремін, өткенімен танысамын дегенге мұнда кәрі тарих көп жайтты баяндап береді. Қала туризм мәселесін мықтап қолға алып, соңғы жылдардың өзінде ондаған нысандарды іске қосты. Туристердің көбеюінің үлкен себебі осында жатқан сияқты.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.