КТК телеарнасы 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін Президент сайлауында exit-poll жүргізуді қаржыландыратын болады. Осыған орай, кеше аталмыш телеарнаның кеңсесінде баспасөз мәслихаты өтті.
Телеарнаның сайлау учаскелерінің шығаберісінде сайлаушылар арасында сауалнама жүргізуге тапсырыс беруі – бұл Қазақстан жағдайында алғашқы тәжірибе. Тапсырысты «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы орындайды.
Экзит-полл сайлау үдерісінің маңызды құрамдастарының бірі болып табылады. Оның нәтижелері сайлаудың ашықтығы мен сайлаушылардың дауысын санаудың әділеттігін бағалаудың құралы ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар, экзит-полл сайлау күні азаматтардың дауыс беруі бойынша жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді, соның негізінде сайлаудың нәтижесін болжауға мүмкіндік бар.
КТК телеарнасы Қазақстанда экзит-полл өткізу тәжірибесінің дамуына өз үлесін қосуды маңызды деп санайды. Бұл іс-шара сайлау процесіне деген қоғамдық қызығушылықты арттыруға септігін тигізеді, сонымен қатар қазақстандық сайлаушылардың белсенді азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етеді. Сайлау күні КТК экзит-полл өткізілетін орындардан тікелей көрсетілімдер жүргізуді және дауыс беру үрдісі бойынша көрермендерді ақпараттандыруды жоспарлап отыр.
Сауалнаманы 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі танымал зерттеу ұйымдарының бірі «Стратегия» орталығы жүзеге асырады. Бұл орталықтың зерттеу жүргізу саласында тәжірибесі мол. Сайлау күні орталық бүкіл ел бойынша 20 мыңнан аса сайлаушылар арасында сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр. «Стратегия» сұхбат алушылары ауылдық және қалалық елді мекендердегі 200 сайлау учаскелерінің шығаберісінде тұрады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.