• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

Бұл – әкелеріміз сыйлаған бейбіт өмір

594 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңіс күні – бәріміз үшін айрықша мереке. Бұл күн – сұрапыл соғыс­та жанқиярлықпен ерлік көрсеткен, елі үшін жанын құрбан еткен бабалар рухына тағзым етудің, қиян-кескі ұрыстан аман келген ата-анамызды құрметтеудің нағыз үлгісі көрсетілетін ұлы күн. Бұл мерейлі мереке маңызы біздің Тасмағамбетовтер әулеті үшін де айрық­ша. Соғысты біз көзбен көрмесек те, жеңіс­тің қадірін, соғыстан аман оралудың артықшылығын жақсы білеміз. Себебі, біздің әкеміз Тұрақ Тасмағамбетов – қан майданда қайсарлықпен ұрысқан хас батыр, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол соғыстан кейінгі қалпына келтіру кезеңдерінде де елі үшін барын салып еңбек етті. Оның өнегелі ғұмыры, бізге берген тәлім-тәрбиесі өсиет пен қасиетке толы болатын. Әкеміз 9 мамыр – Жеңіс күнін ерекше бағалайтын, ол күннің ерекшелігін, бейбіт өмірдің қадірін әкеміздің әңгімелерінен санамызға сіңіріп өстік. Ал биыл бүкіл ел болып Жеңістің жетпіс жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл күндері арамызда әкеміз жоқ болса да, оның бізге сыйлаған Жеңісі, бейбіт өмірі бар! Осы себептен де шығар, Жеңіс күні келген сайын біз жылда әкемізді ерекше құрметпен еске аламыз. Тұрақ Тасмағамбетов Ақтөбе облысы, Ключевой ауданы, Мырзалы ауылында 1912 жылы туған. 1934 жылға дейін бастауыш мектепте мұғалім болып істеген. Одан кейін 1938 жылы Қостанайдағы педтехникумды бітіріпті. 1942 жылға дейін Торғай ауданының Шилі, Ақсуат орталау мектептерінде мұғалім және басқарушы болып істеген. Ал 1942-1944 жылдар аралы­ғында Ұлы Отан соғысына қатыс­ты. Сталинград майданында 112-ші атқыштар полкінде ауыр жа­раланып, ІІ топтағы мүгедек бо­лып елге оралған. Ұлы Отан соғы­сының қатысушысы ретінде Жеңіс­тің, сондай-ақ, КСРО Қарулы Күш­терінің айтулы жылдарында ме­рекелік белгі-медальдармен марапатталған. Әкеміз соғыс аяқталған соң, өмі­рінің соңына дейін ұстаздық қыз­метте болды. Мұғалім, мектеп директоры, балалар үйінің директоры сынды жауапты жұмыс­тарды атқарды. Әкеміз 1989 жылы дүние салды. Шүкір, артында өніп-өскен ұрпағы қалды. Ол кезінде: «Сендердің бұл дүние жарығын көруге бірден-бір себепші, қасымда болған майдангер Аркадий Александрович Федотов деген досым», дейтін. Яғни, ол болмаса, мен тірі қалмас едім, сендер өмірге келмес едіңдер де­гені ғой. Сталинград майданында жараланғанда әлгі орыс досы сай­ға сүйреп түсіріп, содан аман алып қалыпты. Сол ұрыста екеуі де жа­рақаттанған. Ол кісінің соғыс туралы айтқан әңгімелерінің бәрі есімде. Қазіргі күні менің жасым да жетпіске жақындап қалды. Әрине, бұл естелікпен әке алдындағы парызымды өтей алмасым анық. Бірақ неге екенін білмеймін, әкеміз туралы газет бетінде жазып қалдырсақ деген ой көкейде көптен жүрген еді. Соны көп ойлап, осы жетпіс жылдық қарсаңында орындауды өзіме парыз санадым. Әкеміздің көзі тірісінде Жеңіс күні біз үшін ерекше үлкен той болатын. Қазан асылып, дастарқан жайылатын. Ауылдағы соғыс арда­герлеріне үлкен құрмет көрсетілетін. Құдайға шүкір, қазіргі күні де бұл дәстүр жалғасын тауып, ел болып, бүкіл республика болып Жеңіс күнін ерекше атап өтіп жүрміз. Лайым, той көп болсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!   Әбдірахман ТАСМАҒАМБЕТОВ, зейнеткер.  Ақмола облысы.