• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

СОҒЫС БАЛАЛАРЫ

2557 рет
көрсетілді

...Низкий поклон Вам, дети войны! Алексей СУРКОВ.   ...Біз – жеңімпаз әкелердің балаларымыз. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.   Алатаудан өрiледi мың бұлақ, Арғымақ боп көрінеді мың бұлақ, Сылдыр-сылдыр төгiледi мың бұлақ, Мұзарттардан бөлiнедi мың бұлақ, Жағалаудың жақпар тасын ұрғылап, Сағалардың тал-терегi бұлдырап, Жапырақтар шашады кеп шашуын, Қаз басады бала-бұлақ құлдырап.   Аспан биiк, аспан тұнық, мөп-мөлдiр, Әр бүршiкте iңгәлаған көктем жүр, Алатаудың қабырғасы көктеңбiл, Көкiрекке құйылады көктен нұр, Осы сәттi күттi уақыт көптен бiр, Күлімдейді қызғалдақ боп кеткен қыр, Табиғаттың тас емшегiн жiбiтіп, Тiршiлiктiң тал бойында көктем жүр.   Жасыл сәуле тау бетiнен сырғанап, Жаратқанға жазып жатыр гүл мадақ, Асқар шыңның желбiреген құндағы ақ, Ақша бұлттың салмағы жоқ бiр қадақ, Ақ сағымды дiрiлдетiп күллi алап, Алатауға жағып жатыр нұр-далап, Дүрбелеңге көз суарған тіршілік, Дүниеге сәби көзбен тұр қарап.   Бұлақ сәби Былдыр-былдыр тiл қатқан, Құрақ сәби Сыбдыр-сыбдыр үн қатқан, Орман сәби Жапырағын шулатқан, Арман сәби көкiрегiн тыңдатқан, Теңiз сәби толқындарын тулатқан, Дала сәби осыларды дулатқан, Бұл дүниеде сәбилiкке не жетсiн, Уiлдеген бесіктегі құндақтан.   Кiнә артамыз мынау кіді қоғамға, Жамандасаң жады жоқты жаманда, Сәбилiгiң жоғалмасын санаңда, Мүмкiн емес онсыз сену адамға, Алаңдасаң соған ғана алаңда, Абыр-дабыр басы қатты ғаламда, Базары мол, балалық шақ, әлемi Сәуле түсiр абыржыған заманға.   Табиғат та сәби шақта әдемi, Сәби деген – сағыныштың сәлемi, Ақымақтың – адамзатқа әлегi, Ақылдының – адамзатқа көмегi, Көкiрегiмде бүрін жарған дән едi, Аналардың жылап салған әні еді, Қайта оралдым қымбат сол бiр шағыма, Армысыңдар, БАЛАЛЫҚ шақ әлемi!   Тоқсан түйiн, Мың күрмеулi тiршiлiк, Сенен ұқсақ бүлдiрмеудi ұмсынып, Сәби деген бүрiн жарған бiр шыбық, Күдiк те көп көрiнгенше күн шығып, Еске түссе ертектейін сол соғыс, Балалық шақ мұңаяды күрсiнiп.   Әкесiне медеу болған балалық, Анасына демеу болған балалық, Iзгiлiкке желеу болған балалық, Ер мінезге егеу болған балалық, Жөргегiнен жақсылыққа ұмтылып, Еңбегiмен елеу болған балалық.   Соқа жегiп, дән бастырған балалық, Қарт қуатын жалғастырған балалық, Адалдықты жолдас қылған балалық, Туған жерге оралмаған Аяулы, Әке жолын жалғастырған балалық.   О, балалық, Қарапайым балалық, Сенi кейде түсінбеске санадық, Саған кейде қуыршақтай қарадық, Көп қасiрет жатыр содан таралып, Табиғаттың кiндiгiнен жаралып, Жер-Ананың қуатынан нәр алып, Бәрiн көрген: Соғыс көрген сұрапыл, Басымды ием, Батыр ұрпақ – Балалық!   О, балалық, Адалдыққа болыстың, Құлатпадың туын туған қоныстың, Сен ұқтырдың не екенiн борыштың, Жандарыңда жарасы бар сол істің, Тағзым етем алдарыңда сендердiң, БАЛАЛАРЫ СОҒЫСТЫҢ! *   *   * Соғыс кезiндегi балалар... Соғыс балалары... Басына түскен аса ауыр жағдайдан ерте есейген, буыны бекiп, бұғанасы қатпай еңбекке араласқан, жетiмдiктің жырын жаралы жүрегiнде жылдар бойы сақтаған, жанары жасқа толып, батысқа телмiрiп, әкесiн күтуден талмаған, сәби қолдарымен салтанаты ортақ Жеңiстiң туын көтеруге қолтаңба салған, ерлiк пен өрлiктiң үздiк үлгiсiн көрсеткен, ерте есейген, БАЛАЛЫҚ, бұл саған тағзым. *   *   * Жүрiп жатты сұрапыл, Жүрiп жатты, Мың қайғылы, Мың мұңды, мың ырғақты, Тiршiлiктiң құйқасын шымырлатты, Талай түндер тағдырды қырындатты, Талай күндер мезгiлден бұрын батты, Оқ пен өрттiң дауылы құйындатты, Армандардың сапарын қиып жатты.   Соғыс деген сахна – қанға бөккен, Өмір дәмін жаралы арман еткен. Ажар тайған, әр тайған алма беттен, Суға батпау керек-ті тiршiлiкте, Күймей шығу керек-ті жанған өрттен.   Аспан түтiн, Дауысы күркiлдеген, Оқ та көз жоқ Обалға iркiлмеген. Отан үшiн деген бiр отты ұранмен, Зеңбiректер сөйледi зiркiлдеген.   Танк астында тiрлiктiң абат бағы, Сұлулыққа, сәндiкке қаратпады. Үмiт құсын ұшырған туған жерге, Үшбұрышты хаттардың қанаттары.   Жесiрлiктiң не ауыр жарасынан, Жетiмдiктiң не ауыр наласынан? Адресi бiреу-ақ: Окопстан! Хат ұшады қазақтың даласынан.   Қайық сынды қалтылдақ дауылдағы, Үміттер де оқ тиіп, ауырлады. Күнбатысқа күн салып телмiредi, Көзi жасты қазақтың ауылдары.   Сондай ауыл. Ұлдары қан майданда, Хабар келiп тұр әзiр шалғайдан да. «Барлығы да майдан», – деп бiлек түрiп, Соқа жегiп, Шөп шауып, Арба айдауда.   Алдарына жан салмас жарысудан, Шаршамайды, Талмайды жаны сiрідән. Қуанышы – хат алу үшбұрышты, Жұбанышы – оралу, табысудан.   Жас келiншек Ақзира Көркем едi, Соның жырын таратып шертем ендi. Жалғызын ол тезiрек ержетсiн деп, Мектепке де асығып, ерте бердi.   Бақытты едi дүние-ай, сол күндерi, Жайнап күлген даланың торғын белi. Жігіт едi жан жары – Сәрсен деген, Сегiз қырлы, жоқ едi ердiң кемi.   Екеуiне барша көз қарасатын, Қос аққудай сап түзеп, жарасатын. Ұл өсiрген ұғымтал, есімі Ерхан, Ұғып өскен ата-ана парасатын.   Әкесi оның майданда, Днепрде, Оқ пен оттың шарпылып жүр өтiнде. Анасы оның ауылда, дән ұшырып, Адалдық пен сенiмнiң күзетiнде.   Шаршаса да сыр бермес, Шыдағаны, Ақ нөсердей ақ та төк жылағаны. Тәңiрiне табынып түнi бойы, Амандығы жарының сұрағаны.   Екi тiрлiк от басы күбiрлескен, Шығар емес шаттығы бұрынғы естен. Қиын күндер апшыны қуырғанмен, Аман-есен келедi сүрiнбестен.   Шәй iшедi қос тағдыр, Сырласады, Көңiлдерiн бiр қоңыр күй басады. Тiлектерi үстiнде бiр адамның, Жүректерi бiр жырды жырласады.   Ойда жоқта бiр күнi... Iңiр едi, Тым толқулы Ерханның бүгiн өңi. Тiл қата алмай, Жүрегi тым бата алмай, Табалдырық алдында тұрып едi.   Ойы онға бөлiндi, Армандай ма, Жас баланың иығы талғандай ма? Балалығын елемей батыл ойлап, Барғысы кеп толқиды қан майданға.   Бұл арманын ол қалай орындамақ, Қиналады соны ойлап жалындап-ақ. Бiр-ақ рет көрсем деп жан көкесiн Ерхан бала мүжiлдi уайымдап-ақ. – Не айтамын апама, Түсiнер ме, Мен емес пе ем сүйреген күшiн өрге. Жалғыз қалса, Жаутаңдап қос жанары Тiк ұстаған кеудесiн түсiрер ме?!   – Нар тәуекел, Апам ғой, түсiнедi, – Деген бiр ой құлындай кiсiнедi. Жан көкемдi көремiн тек майданда, – Деген ойы iшiнде пiсiп едi.   Кiрдi үйiне жасқанып, Назары жоқ, Сәби бетi домбыққан, Мазаңы жоқ, Ақзира да байқады қалт жiбермей, – Не боп қалды, кiрдi ме жазалы от?   – Жоқ, жоқ, апа, тыныштық, үрейленбе, Ордамызға жамандық тiлей көрме. Мен көкеме барамын, Ұрыспашы, Маған да бiр аманат тiрелмей ме?   – Не деп тұрсың, жалғызым, не дегенiң, Шұнақ құдай, сен қалай шебер едiң. Өмiрiмнiң жалғасы өзiңсiң деп, Өтiрiк пе бесiкке бөлегенiм? – Саған аян мен бұған келiспесiм, Сен әлi де қошақан өрiстесiң. Қан майданың қырманнан жеңiл ме екен, Құлыным-ау, бар-жоғы он үштесiң.   – Бiлем, апа, мен едiм сүйенгенiң, Айналайын, аяулым, кием менiң. Жан көкемдi сағындым, Барайыншы, Жан көкемдi айтқанда иер ме едiң?   Өзiң айтқан ерлiкте санам менiң, Мендей болсаң сен үйде қалар ма едiң. Бүгін түсте мектепте жиылыс боп, «Мал айдасып майданға барам», дедiм.   Аман болса оралар балаң несiп, Жан көкеммен қайтамын сәлемдесiп. Мал айдауға жаратпай кете ме деп, Бiр жасымды өсiрдiм, амал нешiк.   Қан майданға азыққа апарамыз, Олар ашта бiз қалай жата аламыз. Әкелерге қолғабыс бере алмасақ, Қалайша бiз ұлмыз деп атанамыз.   Қиындықты көрдiм ғой, жыламадым, Жан көкемдi көрем деп қуанамын. Ұстазыма сөз бердiм барамын деп, Ұстамашы, апатай, сұранамын.   – Мал айдаймыз майданға, Ертең жүрiс, Ұнамайды ауылда селтең жүрiс. Жан көкеме жақсылап тапсырайын, Қолғап тоқып, одан да берсең дұрыс.   Ақзираның жанары мөлдiредi, Жүрегiнде жарылып сең жүредi. Айтқаны рас ұлының, амал нешiк, Ащы болса ақиқат сендiредi. Тағдыр қандай Қиын деп таң қаласың, Кiм түсiнер әйелдiң жан жарасын? Көкесiнiң айтқанда есiмiн ұл, Жылай бердi құшақтап жан баласын.   Бар жақсылық жарасар, Бұл адамға, Жақсылықтар тазалар күнәдан да. Махаббаттың көтерiп мәртебесiн, Қандай сұлу әйелдер жылағанда!   – Кiм барады, құлыным, Кiм барады? (Жарқ еткендей бұлттанған күн қабағы). Тапсырайын мен сенi, Әуелі Алла, Сонан кейiн мен соған бұл баланы.   – Бақташы шал, мұғалiм Әділғазы, Ақсақ солдат – ауылдың өнерпазы. Сосын балаң, төртеумiз жол жүретiн, Көкем десем ашылар көңіл жазы.   Жол бiлетiн солдат бар,үрейленбе, Қыдыр ата оң сапар тілейді ерге. Бiр қосауыз және бар қолымызда, Оңай олжа болмаспыз дүлейлерге.   – Жақсы-жақсы, құлыным, жарағаның, Мен қайтейiн, ауылда, панадамын. Және ала кет әкеңнiң белдемшесiн Құяңы бар белiнiң, қара жаным.   Суық ұстап қалды ма, кiм бiледi, Құяң деген құтылмас құрғыр едi. Қолғап тоқып берейiн таң атқанша, Мүмкiн қолы суықтан күлдiредi.   Сексеуiлдi сындырып, Отқа жағып, (Қызуындай сағыныш жатқаны анық). Ұйықтамастан Ақзира таң атырды Жанарының моншағы хатқа тамып. Ержетуге асыққан қандай ұлан, Ақзираның ән ұшты таңдайынан. Алпыс екi тамыры бой-бой иiп, Иiскедi ұлының маңдайынан.   Салды бәрiн ұлының дорбасына, Сәлемдеме арысы – алмасына. Тапсыруға тентегiн мұғалiмге, Таңнан тұрып сол үйге барды асыға. Керуен дайын, Дәл қазiр жүрiп кетпек, Еске салды қастерлi ғұрыпты ептеп. Оң болсын деп сапары жолаушының, Қол бұлғады халайық Тұрып көп-көп.   Сағыныштың, Сезiмнiң басқа пiрi, Хас ерлiктiң кәрi ме, жас па түрi? Жолың болсын, балалық, жолың алыс, Жолың болсын, заманның жас батыры.   Осы шығар бiр ерлiк ұтымды анық, Жақсылыққа толғатқан сүтiң тамып. Майдандағы ерлерге сәлем айт деп, Шығарып сап қалды артта бүкiл халық.   Шығарып сап қалды артта құрдастары, Ауылының ақжарма нұрлы аспаны. Көршi үйдегi құба қыз, Парталасы, Асық ойнап, Доп қуған сырластары.   Уақыт та тар қоштасып, сырласуға, Достары да дамылсыз жүр қасында. Қалды олар да қарайып бiртiн-бiртiн Жейделерi желбiреп қыр басында.   Осы жолдың алды ұзын, арты қысқа, Қашқан сиыр жiбермес сәл тынысқа. Ала шаңды жетелеп барады олар, Тiзе қағып үмiтке, талпынысқа. Жанарларын жадыратып алды дағы, Қыр басында қарайып қалды бәрi. Күнбатысқа бет алған осы керуен Келер күннiң үмiтiн жандырады. *   *   * Балалық шақ көрсетпей басқа қылық, Алға қарай ұмтылды асқақ үміт. Ақкиізтоғай аспаны күлімсіреп, Жылыой қалды жанары жасқа тұнып.   Шағылдардың шаңытып шалғайлары, Жүрiлмеген жазықтар жолға айналды. Жайық қалды жаутаңдап тоғайлары, Бұраң-бұраң жүгiрген Қайнар қалды.   Күндер өттi арада, Түндер өттi, Жаңа жерлер жаяды тың деректi. Соғыс қатты, Ал аштық одан да зор, Күн көредi қиналмай кiмдер ептi.   Ұйқы қалды, Тыныштық бұлбұл ұшты. Бала дене ширықты, Сын – қылыш-ты. Бақташы шал қиналды, сырқаты бар, Солдат та әзер көтердi бұл жүрiстi.   Жалғандықтың бұл жерде керегi не, Өзек болмас өмiрдiң кезеңiне. Демi бар жан демiгер шақ едi бұл, Қарамайтын атыңа, беделiңе.   Жолдың бойы қираған ауыл, ауыл, Талқан қылып тастаған долы дауыл. Бiр жақсысы бұларды түсiнгендер, Болды әрқашан әрi дос, әрi бауыр.   Жүрек берген бұларға жолдаманы, Батырлықтың сапары алдамады. Орынбордың халқы да жайды бiлiп, Демеп жатыр сөзiмен – қолда бары.   Жоқшылықтың болмайды түк көмегi, Табан тайса тағдырың тiк келедi. Сәбилердi көргенде аш-жалаңаш, Сиыр сауып, оларға сүт бередi.   Келе жатты осы көш, Аман бәрi, Қиындықта таймастан табандары. Бар болса да үнемдеп қолдағыны, Жоқ болса да бардай ғып амалдады.   Бала батыр келедi санатқа ерiп, Көрем деумен әкемдi қанат керiп. – Оқу керек, Ерханжан, деп өтiнiп, Әділғазы қояды сабақ берiп.   Айдағаны малы емес Қарабайдың, Сондықтан да аттарын даралаймын. Жанған өртке бас тiккен О, БАЛАЛЫҚ, Қадамыңды ерлiк деп бағалаймын.   Сан жетпейдi көңiлге түйгендерi, Оспадар жау ойраннан именбедi. Қара жырын қайғының боздатады, Украинаның жаралы күйген жерi.   Артта қалды Днепр белеңдерi, Әзiр аман даланың өрендерi. Тарас үнiн таратып жатыр екен, Қан майданның қаһарман өлеңдерi.   Тоқтады олар бiр күнi бiр ауылға, Бақташы шал қалды да қарауылда. Бұл үшеуi темiр жол жаққа барды, Жанған өрттiң қан қызыл алауында.   Кенет, Кенет, Жанары қалды қатып, Бiреу отыр аяғын салбыратып. Вагон толған ұсқынсыз мүсәпiрлер Етiк киген шұлғауын жалбыратып.   – Бұлар кiмдер? Түрлерi қалай кеткен, – Деген оймен бала Ерхан қарайды еппен. Осы кезде ақсаңдап келдi солдат Темiр жолды ол мана жанай кеткен.   – Оһ, сұмырай, сүмелек түрлерiңдi, Көре алмассың баяғы күндерiңдi. Аяғымды кәнеки қайтарыңдар Өшiрейiн сендердiң үндерiңдi.   – Деп сұрланып, Жауынгер ұмтылғалы, Шығып едi, күзетшi «тұр-тұрлады». – Бұлар тұтқын, Тұтқынды ұрмас болар, Ештеңе етпес жағаңның жыртылғаны.   Үрпиiсiп үрейден, жан бағып бiр, Тұтқындар да қозғалды қарманып құр. Сайтандай деп фашистi ойлаушы едi, Адамға ұқсас екен деп таң қалып тұр.   Шолақ қолы шолтаңдап мұғалiмнiң, Сол таратты жалғасын мына жырдың: – Тұтқын деген осылар, соғыс ашқан, Әдiлдiк бар, Ерханжан, куә қылғын.   Айта алмаймын, балалық келте ғой деп, Кеудесiнде олардың көркем ой көп. Фашистердiң мүскiнiн көрiп тұрған, Ерханды бір қозғады тентек ой кеп.   Еске түстi жағдайлар қай-қайдағы, Балалықтың төгiлген бал қаймағы. Қарс түйiлiп қабағы жас батырдың, «Хенде хоһ» деп ызамен айқайлады.   Апыр-топыр боп қалды, Абыр-сабыр, Құйындатып жеткендей қара дауыл. Мұғалiм кеп ұстады иығынан: – Сабыр, сабыр, Ерханжан, сабыр, сабыр.   Жалғыз дауыс жүздердi қармап кеттi, О, Балалық, даусыңа салмақ кептi. Асылмыз деп кеудесін көтергендер «Гитлер капут» деп шулап, сарнап кеттi.   Қайсар намыс кеудеде түрегелдi, Бастады да балалық бiр өнердi. Әлгiлердiң сықпытын көрген кезде, Түкiрдi де жерге бiр жүре бердi.   Сол күндерден әлi де от көремiн, Жүрегiмнен барлығын өткеремiн. Балалығы жоқ жаннан сақтанамын, Балалықты ұқпасты жек көремiн. *   *   * Кеттi тағы iлгерi сиыр керуен, Бұл күнде олар ысылған, қиын көрген. Самолетi дұшпанның келiп қалды, Асып бара жатқанда қиыр белден.   Астан-кестең айнала, құлақ тұнды, Бiр-ақ бомба тегiстер бiр-ақ қырды. Көрiп қалды Ерхан тек бұға берiп, Бақташыны бiр құйын лақтырды.   Солай қарай жүгiрдi тұрып алып, Келдi тағы бiр дауыл қырына алып. Қан-қан болған омырауы бақташы шал, Жатыр екен қиналып, ыңыранып.   – Ерхан балам, қайтейiн жете алмадым, Тағдыр деген тереңнен өте алмадым. Бақыттымын, жылы пеш түбiнде емес, Майданда өлдiм. Осы едi от-арманым.   – Бәрi де өтер, есейiп, Түлерсiңдер, Қыран болып қиядан iлерсiңдер. Отан үшiн опат боп өлген бақыт, Арманына жеттi деп бiлерсiңдер.   Қан көбелек айналып қара жердi, Жылап-еңiреп Ерхан тек қала бердi. – Топырағы майданнан бұйырды, – деп Мұғалiм кеп шал көзiн жаба бердi.   Бұдан аман құтылды қалғандары, Тағы қашты алдынан армандары. Қойнына алып құтқарды мың ажалдан, Украинаның бауырмал ормандары.   Ақыр жеттi-ау! Тапсырды аманатты, Бастан кешiп сан ажал, сан азапты. Он үш жасар Ерхан тек өкiнiштен, Iштей еңiреп, егiлiп бара жатты.   Жан көкесiн амал не, көре алмады, Өзекті өртер хабарға сене алмады. Белдемшеге бет басып жылады өксiп, Анасының хатын да бере алмады.   Талай-талай хабарға құлақ түрдi, Жан көкесiн сағынып, жылап тұрды. Өзiн жiгiт көретiн оңашада, Әлi бала екенiн бiр-ақ бiлдi.   Сұм соғысты қарғайды, жек көредi, Әлдекiмге кiжiнiп, кектенедi. Жау тылына аттанып тапсырмамен, Көкесi оның хабарсыз кеткен едi.   Көре алмады көкесiн, Амал нешiк, Жазбады ма бұл тағдыр оған несiп. Бiр қайыңның түбiнде жатыр ма екен, Бiр гүл болып тұр ма екен самал кешiп? Уа, уақытым, Назар сал, Айтарым бар! Ерлікті де ездікті байқадыңдар. Анасына аман-сау апарайын, Балалығын Ерханның қайтарыңдар. Аштық пенен суыққа қарамай-ақ, Балалық шақ от кешті жалаң аяқ. Әкесінің жолына ақ тілеген, Көрдің бе, уақыт, мыңдаған баланы аяп. Талай күнге мән бермей қарадық шат, Бөлем сенi, сол күндер, аралық сап. Алдарыңда сендердiң ұяламын, Ойын қумай, Ой қуған, БАЛАЛЫҚ ШАҚ!   Сендерді айтсам өлмейтін өмір көрем, Алапаттан жасқанып, шегінбеген. БАЛАЛАРЫ СОҒЫСТЫҢ – қаһармандар, Тағдыр деген майданнан жеңілмеген.   Жайсаң жігер, жанымды жетеледiң, Оттан шыққан отаншыл от-өренiм. БАЛАЛАРЫ СОҒЫСТЫҢ, басымды иiп, Мәртебеңдi мәңгiлiк көтеремiн. *   *   * Аман бол, адал БАЛАЛЫҚ! Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ