Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтаулар әлі де келіп жатыр
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Еуропалық Кеңес президенті Дональд Туск пен Еуропалық комиссия президенті Жан-Клод Юнкерден құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Авторлар өз құттықтауларында Еуропалық одақ Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуды жақтайтынын атай келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа және еліміздің халқына татулық пен бақуаттылық тілеген.
«Еуропалық одақ Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге және Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімді қамти отырып, Сіздің басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан маңызды саяси және экономикалық реформаларға берік қолдауды жалғастыруға бейілді. Біз бұл құжатқа мүмкіндігінше биыл қол қойылады деп асыға күтеміз», – делінген хатта.
Еуропалық Кеңес пен Еуропалық Комиссия Қазақстан Президентінің реформа жүргізудегі, әсіресе, транспарентті, есеп беретін мемлекетті дамыту бағытындағы күш-жігеріне, сондай-ақ, сайлау үдерісін әрі қарай жетілдіру ісіне қолдау көрсететінін атап айтты.
«Біз таяу жылдары саяси және экономикалық жаңғырулар Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты күшейте түсетініне сенімдіміз», – делінген құттықтауда.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты құттықтаған жеделхат Грекия Республикасының Президенті Прокопис Павлопулостан келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
П.Павлопулос Қазақстан мен Грекия арасындағы берік әрі достық қатынастар мықты негізге, екі елдің бірлескен күн тәртібіндегі мәселелерді ортақ күш-жігер ғана табысты шеше алады деген сенімге сүйенетінін атап өткен.
«Біздің мемлекеттеріміз екі республика халықтарының игілігі жолындағы саяси және экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатындағы бірлескен жұмыс пен ынтымақтастықты жалғастыратынына сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Грекия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, ал Қазақстан халқына бақуаттылық пен бақ-береке тіледі.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Аурелия Бушездің құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
А.Бушез Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген және болашаққа деген оның көреген болжамынан қуат алған елеулі табыстары елдің экономикалық жетістіктері мен тұрақтылығын, халықтың бірлігі мен келісімін қамтамасыз еткенін атап өткен.
«Қазақстан Еуропалық одақтың өңірдегі ең басты серіктесіне айналды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы және Сіз жариялаған, алысты көздеген саяси, экономикалық және құқықтық реформалар бағдарламасы еліңізді тың табыстарға жетелеп, Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім арқылы ЕО-мен ынтымақтастыққа жаңа жолдар ашатынына сенімдімін. Біздің өте жақсы екіжақты ынтымақтастығымыз әрі қарай өрістеп, тереңдей түсеріне, сондай-ақ, Қазақстанның көпвекторлы саясатын жалғастыруға өз үлесін қосатынына сенемін. Еуропалық одақ өкілдігі осы мақсаттарды қолдауға бейілді және оған жету үшін мүмкіндігінше үлес қосуға дайын», – делінген құттықтауда.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастродан құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Р.Кастро Қазақстан Президентіне риясыз құттықтауын жолдап, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Мальдив Республикасының Президенті Абдулла Яминнен құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
А.Ямин Үкіметтің, Мальдив халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Президенті болып қайта сайлануына байланысты шынайы құттықтауын жолдады.
«Сайлаудағы жеңіс Сіздің Үкіметтің міндеттерді табысты орындауының дәлелі, сондай-ақ, Қазақстан халқының Сіздің басшылығыңызға сенімінің айғағы болып табылады. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастар таяу жылдары бұдан әрі нығая түседі деп үміттенемін», – делінген жеделхатта.
Мальдив Республикасының Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық, бақуаттылық және маңызды міндеттерді орындауда батылдық, ал достас Қазақстан халқына өркендеу мен ілгерілеу жолында жаңа биіктерге жетуді тіледі.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ЮНЕСКО бас директоры Ирина Боковадан Қазақстан Президенті болып қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
И.Бокова Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жеткен маңызды жетістіктеріне, әсіресе әлеуметтік және экономикалық дамудағы табыстарына назар аударды.
«Сіздің ел мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюі, сондай-ақ, Қазақстанның білім, ғылым және мәдениет салаларының соңғы 20 жылдағы дамуы тәнті етеді», – делінген жеделхатта.
ЮНЕСКО бас директоры, сондай-ақ, біздің елдің БҰҰ Бас Ассамблеясының халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылын (2013-2022) жариялауға байланысты маңызды бастамасын атап өтті.
И.Бокова Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы тығыз ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді, сондай-ақ, ортақ міндеттер мен мақсаттарды орындау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.