• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

Тұрақтылық пен өсіп-өркендеу жолында

286 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасында кезектен тыс өткен президенттік сайлау тақырыбына шетелдік БАҚ-тар әлі де орын беріп жатыр. Түрлі басылымдар мен ақпарат агенттіктері, теле- және радио арналар үдемелі қарқынмен даму үстіндегі елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде жұмыс үстіндегі Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің дауыстарын берген сарапшылардың, қарапайым қазақстандықтардың сөздерінен күні бүгінге дейін үзінділер жариялау үстінде. Сонымен қатар, қазақстандықтардың сайлау учаскелеріне келу деңгейінің бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке көтерілгені де ерекше құбылыс ретінде аталуда. Қазақстанда сә­уір айының аяғында өткен президенттік сайлауда қазақстандық сайлаушылар өздерінің дауыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Өйткені, олар оның басқаруынсыз елдің болашағына қатты алаңдайды. Ел халқының сөздеріне қарағанда, бұл – кандидаттар арасындағы қандай да бір таңдау емес, шын мәнінде үлкен сүйіспеншілікке ие көшбасшысын жалпының қаншалықты қуаттайтынын ғана айғақтап беретін үдеріс. Компьютерлік технологиялар саласындағы 26 жастағы маман Мирас Мұхамедрақымовтың сөзі былайша шықты: «Мен басқа кандидаттарды соншалықты жақсы білемін деп айта алмаймын. Біз, бірінші кезекте, Украинаның қайталанбағанын қалаймыз. Мұның барлығы бізге тұрақтылық үшін қажет». Сайлау учаскесінен шыққан кезде сұралған адамдардың баршасы дерлік кімге дауыс бергендерін айқайлап айтып жатты. Себебі, олар өздерінің дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа берген болатын. Еуразия ұлттық университетінің бухгалтерлік мамандықта оқитын 19 жасар студенті Дана Жақсылықова өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев елдің ертеңін еңселендіре түсетінін атап көрсетті. Қазақстанда жүргі­зілген мониторингтік сауалдама көптеген қазақстандықтардың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы идеяны қолдағандарын көрсетіп берген еді. Сайлаудан кейінгі мәліметтер бұл сауалдаманың ақиқаттығын жан-жақты дәлелдеді. Сайлау учаскелеріне келген 10 миллионға жуық қазақстандықтың 97 пайыздан астамы өздерінің дауыстарын танымал көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевқа бергені белгілі болып отыр. Жалпы, елдегі кезектен тыс сайлау Қазақстанға бүгінгі әлемдік сын-қатерлер жағдайында өзінің таңдап алған өсіп-өркендеу жолымен жүруіне мүмкіндік туғызады деп саналады. Осы тұрғыдан келгенде, елдегі сайлаудың ашық та мөлдір болғаны, әділетті өткені ешкімді де күмәндандырмаса керек. Қазақстан – әлемдегі үйлесімді және тұрақты қоғамы, аса жедел дамып келе жатқан экономикасы бар ел. Ел жақсы көрші және құрметті саяси серіктес ретінде қарастырылады. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанда мұраға тек ескірген өндірістер, мемлекеттік әлсіз сектор және түрлі этностар мен діни топтардан тұратын халық қалған болатын. Қазақстан бар-жоғы 20 жылдың ішінде этносаралық үйлесімділікті ілгерілетіп қана қоймай, табысты, тұрақты, сондай-ақ, жарқын болашаққа ұмтылған елге айналып отыр.   Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдын ала сенімділік білдіргеніндей, Қазақстан халқы президенттік сайлауда өзінің болашағы, балаларының болашағы және өсіп-өркендеген Қазақстанның болашағы үшін өз дауыстарын берді. Нұрсұлтан Назарбаев елге тікелей шетел инвестициясы ретінде 200 миллиард доллар тарту жолымен нарықтық реформаларға барынша үлкен назар аударды. Сөйтіп, Астана бүгінде посткеңестік кеңістікте екінші аса ірі экономикаға айналып үлгерді. Қазақстан мұнайды да бұрынғы кеңестік елдер арасында Ресейден кейінгі өндіретін екінші ірі ел болып табылады. Сайлау учаскелерінің есігі ашылған таңертеңгі 7.00-ден бастап сайлау учаскелерінің алдында ұзын-сонар кезектер пайда болды. Сондай сайлау учаскелерінің бірі кейінірек Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі дауыс берген Оқушылар сарайы еді. «Мен сүйікті Назарбаев үшін дауыс беремін, әрине. Ол бізге бәрін – зейнетақы, тегін медициналық қызмет көрсету ұсынды, Құдайға шүкір, аш-жалаңаш та емеспіз. Бізге бұдан артық не керек? Жаратқан оған денсаулық берсін», – дейді 68 жастағы зейнеткер Вера Калинина.   Көптеген қазақстандықтар Астана мен Алматы қалаларында орналасқан сайлау учаскелерінде ұзын да ирелеңдеген кезектерге тұрды. Кезектер президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беру үшін тізілгенін айта кету керек. Олардың барлығы да өздерінің азаматтық парыздарын өтеуге келгендіктерін мәлімдеді. Алматылық студент Гүлмира Бардығұлованың мәлімдеуінше, елде саяси дағдарыс орын алмауы үшін өз дауысын Н.Назарбаевқа берген. Оның сөзіне қарағанда, «жастар өзінің парыздарын жақсы түсінеді. Ешкім ешкімді дауыс беруге мәжбүрлеп жатқан жоқ. Біз Қырғызстандағы төңкерістерді, Украинадағы соғысты көрдік. Ешкім де Қазақстанның ондай дағдарысқа ұрынғанын қаламайды». Ал Жезқазғанда, кеншілер қаласының бірінде, сайлаушылар бірінен кейін бірі Нұрсұлтан Назарбаевқа «соғыс болмауы үшін» өз дауыстарын беріп жатты. Олар Іс басындағы Президенттің елде тұрақтылықты сақтай алатынына зәредей де күмәнданбайды.   Қазақстанда осымен бесінші рет өткен президенттік сайлау дауыс беруге келушілердің бұл жолы рекордтық көрсеткішке жеткенін көрсетіп берді. Сайлау учаскелеріне өздерінің таңдауларын жасауға келгендер бүкіл сайлауға қатысуға тиістілердің 95-тен астам пайызды құрады. Сөйтіп, елдің қазіргі Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 97,7 пайыз дауыс алып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. «Президенттік сайлау тыныштық және мөлдірлік жағдайында өтті», – деп мәлімдеді ОСК-ның хатшысы Бақыт Мелдешов. Ал ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос сайлау учаскелері жабылған сағат 20.00-де дауыс беруге келгендердің рекордтық көрсеткішке жеткенін атап көрсетті. Н.Назарбаев бұған дейін көптеген әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды табыс­ты жүргізген болатын. Енді мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, жекеменшікті қорғайтын, инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарды жақсарту, индустрияландыру негізінде әрі қарайғы экономиканы өсуді қамтамасыз ету ниетінде. Осының барлығы орта таптың өсу қарқынын жеделдетуі тиіс.