• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2015

Жатақханадағы жантәсілім

336 рет
көрсетілді

Жасөспірімдердің өмір сүруден түңіліп, суицидке бару қадамдары Қызылжар өңірінде азаймай отыр Әлі оң-солын байыптап танып үлгермеген 17 жастағы студент қыздың жатақханада өмірімен беймезгіл қоштасуы Есіл ауданына қарасты Петровка аграрлық колледжінде орын алғанын облыс жұртшылығы ұмыта қойған жоқ. Төтенше оқиғаға байланысты құрылған комиссия бірінші курста оқитын бойжеткеннің өзіне-өзі қол салу себептерін анықтаумен ғана шектелгені, тиісті басшыларға қатаң шара қолданудың орнына бастарынан сипай салғаны байқалады. Өйткені, мұндай әрекет марқұмның тарапынан бірнеше рет қайталанғанын, үлгерімінің төмендігін, жеке тәртібінің босаңсығанын колледж әкімшілігі көре, біле тұра көз жұма қара­ған. Әлеуметтік педагог, психолог өз міндеттерінде салғырттыққа салынған. Әлеуметтік-психологиялық қызметтің бей-берекет жіберілгені соншалық, тағы бір студент жатақханада өзін өлімге қиған. Алайда, арада жарты жылға жуық уақыт өтсе де, білім саласына жауапты тұлғалардың дұрыс қорытынды шығармағанын облыстық прокуратураның кезекті отырысы айғақтап берді. Биылғы алты айда өзіне-өзі қол көтерген 15 жеткіншек ажал тырнағынан арашаланса, алты жасөспірімнің ғұмыры қыршынынан қиылған. Өткен жылы өзіне-өзі қол жұмсаудың 7 фактісі тіркелгенін ескерсек, жегі құрттай тамырын тереңге жайып бара жатқан рухани дерттің күрделі мәселеге айналғанын аңғару қиын емес. Балалар мен жасөспірімдер арасында келмеске кеткір кеселдің көбіне отбасылық, тұрмыстық жағдайлардан туындайтыны айтылғанымен, болдырмаудың, алдын алу жолдарының жиі сөз етіле бермейтіні, тек фактілерді тізбелеумен шектелетіні өкінішті. Статистикалық деректерге үңілетін болсақ, Қазақстанда жылына 5-8 мыңға жуық адам өздеріне қол салатын көрінеді. Әлем бойынша бұл көрсеткіш бір миллионды шамалайды. Халықаралық анықтама қызметінің деректері бойынша 1950 жылдан бері суицид оқиғасы 60-70 пайызға өскен. Облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметова осыдан бірнеше күн бұрын Петропавл машина жасау колледжі студентінің Қызылжар ауданында тұратын туыстарына қонаққа барып, асылып қалғанын жантүршіктірерлік оқиға ретінде алға тартқанда адамның төбе құйқасы еріксіз шымырлайды екен. Суицидке қатысты оқиғалардың төртеуі жоғарыда сөз еткен аудандағы колледждерде тіркелген. Ал қайтыс болған жасөспірімдердің екеуі – Петровка аграрлық-техникалық колледжінің оқушылары. Бұл білім беру мекемесін қайғының қара бұлты торлағалы көп болған. Прокуратура қызметкерлері колледж әкімшілігі оқуға айлап келмеген балаларды іздемейтін мысалдарды мұрнынан тізіп келтірді. Тек болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ішкі істер органдарына хабарлаумен тынған. Мына сорақылықты қараңыз, жыныстық ауруға шалдыққан жасөспірімді ауруханаға апаруды қажет деп таппаған. Күйзеліске ұшыраған қыздың колледжден қашып кеткеніне де ешкім мән бермеген. Мұнымен қоса тексеріс барысында осында білім алып жүрген бес оқушы қыздың жүкті екендігі анықталған. Мекемедегі санитарлық жағдай да сын көтермейді. Оқушылар жатақханадағы аядай бөлмелерде 4-5 адамнан сығылысып жатса, екінші бөлігіндегі төрт бөлмелі жайлы пәтерді колледж директорының орынбасары отбасымен қоныс еткен. Оқушылар не себепті суицидтік дағдарысқа ұшырайды деген сауалды облыс прокурорының міндетін атқарушы Арай Әлімов колледж директоры Айдар Қазиқановқа қойып еді, мардымды жауап бере алмады. Керісінше, жауапкершіліктен сытылу үшін түрлі сылтаулар айтып бақты. Осыдан кейін аталмыш білім беру мекемесінде оқушылардың өзіне өзі қол жұмсауы үйреншікті жағдай ретінде қалыптаспағанда қайтеді? Арай Қайсарұлы шенеуніктің мына қылығына күйініп кеткен болу керек, тергеу басқармасына істің ақ-қарасын ажыратуды Қылмыстық кодекс тұрғысынан зерделеуді тапсырды. Неше түрлі бейберекетсіздікке жол берсе де, қызметінде тас мүсін секілді қозғалмай отыруы мәжіліс мүшелерінің таңғалысын жасырмады. Депрессия кенет пайда болмайды. Суициалдық мінез-құлыққа бейім жастарға дер кезінде психологиялық көмек, рухани қолдау көрсетілсе, жатақханалардағы жантәсілімдер жайлы сөз қозғамас едік. Бақыт РАМАЗАН. Солтүстік Қазақстан облысы.