КӨКШЕТАУ. 21 наурыз. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағындағы аңдар Беларусь Республикасынан әкелінген жабайы өгіздермен, яғни, зубрлармен толықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Беловеж нуы» ұлттық саябағынан жеткізілген екі-төрт жас аралығындағы 10 жабайы зурбды «Орман шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздерінде өсіріп, жерсіндіру үшін сатып алған.
Олардың үшеуі аталық, жетеуі аналық зубрлар. Алдағы уақытта бұл жануарлардың саны көбейтілген соң, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағын еркін мекендейтін жабайы өгіздер табыны құрылады.
Саябақ басшыларының сөздеріне қарағанда, мұның өзі ХХ ғасырдың басында толық жойылып кетуге жақын қалған зубрлардың санын біртіндеп көбейтуге мүмкіндік бермекші. Қазақстанның жанврлар әлемін толықтыруды мақсат ететін бұл қадам еліміздің туристік кластерін әлеуетін арттыруға да ықпал ететін болады.
Бақберген Амалбек.
Дерек: egemen.kz
Сурет: egemen.kz