Сталинградты қайта салу үшін «Еңбек майданы» ұранымен барған қазақ қыздарының тағдыры туралы
Сталинградты қайта салу үшін Кеңес Одағы көршілес өңірлер халқы арасында «Еңбек майданы» деген ұранмен мобилизациялау шарасын ұйымдастырғаны белгілі. Жаппай жұмылдыру арқылы қираған қалаға жұмысшылар жасақтары жан-жақтан ағылып келіп жатты. Соның ішінде Қазақстаннан да, әсіресе, қазіргі Батыс Қазақстан облысынан жүздеген қыз-келіншектердің Сталинградқа қара жұмысқа тартылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Міне, сол жүздеген қыз-келіншектің арасында менің әжем – Нәпиқа Болатқызы да бар еді. Төменде сөз болғалы отырған жайттар әжеміздің өз көзімен көріп, басынан кешкен, кейін оны бізге әңгімелеп бергені турасында.
Сталинградтықтарға қазақтардың көмегі
Бір жылға жуық уақытқа созылған сұрапыл шайқас 1943 жылдың ақпан айында түпкілікті аяқталды. Кеңес Одағы қаланы қайта салу жұмыстарын Еділ жағалауында соғыс іс-қимылдары тоқтап, фашистерді тықсыра қуып тастағаннан кейін бірден қолға алды. Алайда қаланы қоқыстан тазартып, ғимараттарды жөндеу үшін Сталинградтың өзінде жұмыс күші жетіспеді. Өйткені, қала халқының көбі соғыс пен аштықтан қырылған, өзгесі бас сауғалап кеткен. Бір сөзбен айтқанда, өлі қалаға айналған болатын.
Әжемнің айтуынша, ол 1943 жылдың сәуір айында Орал облысының Қазталов ауданынан қара жұмысқа шақырылған. Бұл оның шамамен 24-25 жастағы кезі екен. Ол уақытта ел ішінде еркек кіндікті аз. Барлығы дерлік майданда. Халықты мобилизациялау бойынша Оралдан негізінен қыз-келіншектер ғана емес, жастары 60-70-ті алқымдаған қарттар мен бұғанасы қатпаған жас балалар да тартылғанын айта кету керек.
Сталинградта қанқұйлы соғыстың енді саябырсыған кезі. Қалада тіршілік тоқтаған, ешқандай мекеме, дүкен, базар жұмыс істемейді. Халық жаппай аштыққа ұшыраған еді. Сондықтан, сталинградтықтарға Қазақстаннан көмек ретінде үйір-үйір мал айдап бару туралы шешім шығарылған. Оны жеткізу үшін ол уақытта не пойыз, не көлік жетіспеді. Содан «Еңбек майданына» шақырылған әйелдерге сол малды жаяу-жалпылап айдап бару жүктелді. Орал облысынан Сталинградқа дейін шамамен 350-400 шақырым жер-тін.
– Жол бойы талай қиындықты көріп, малды шашау шығармай айдап апардық, – деп еске алатын әжем. – Ол кезде мініп жүретін жылқы да жоқ, бәрін майданға әкеткен. Жолда сиырлар бұзаулайды. Жаңа туған бұзаудың тұяқтары жұмсақ, оларға көп жүруге болмайды. Өйткені, тұяқтары қатты жерге тиіп желініп қалады. Ал оның қатаюы үшін біраз уақыт керек. Бірақ мұны күтіп отыратын шама қайда? Амал жоқ, жаңа туған бұзаулардың тұяқтарын киізбен, матамен шұлғау сияқты қылып байлап тастайтынбыз, – дейді.
Осылай айлап жүріп Сталинградқа да жеткен.
Көңіл құлазытқан көрініс
Қалаға ең алғаш кірген кездегі көргеніміз – қараған адамның жанын мұздатып жіберетін сұрқай сурет еді, – дейді әжем. – Қала түгелдей қираған. Әр жерде шашылып жатқан өлі денелер, талқаны шыққан соғыс техникалары, жартылай опырыла құлап, шұрық-тесік болған тұрғын үйлер. Сол үйлердің аман қалған бөлмелерін қуыстап, сұрапыл жағдайды бастан кешкен жандар да тұрып жатты...
Әжемізді басқа әйелдермен бірге ескі баракқа орналастырған. Ешқандай жағдай жоқ. Түнде киіммен ұйықтайды. Тіпті аяқкиімді де шешуге қорқады екен. Өйткені, ұрлап кетеді. Тамақ тек талонмен берілген. Күніне белгілі грамм ғана нан беріледі. Ет мүлдем жоқ. «Ішетініміз – капустаның көк суы, быламық, болса – картоп. Адамдар азып-тозып кетті», – дейтін әжем. Сондықтан, тамаққа күнде талас, бірінікін бірі тартып алатын кездер де орын алған. Әсіресе, түнде ұйықтағанда алаяқ әйелдер кейбіреулердің бір айға берілген талондарын ұрлап алады екен. Талондарынан айырылған бейшара әйелдер жынданып та кеткен. Аштан қатқан. Көбі сүзек ауруына ұшыраған. Күнде тек картоптың көк суын ішкесін әлдері де болмапты. Аштан қатып бара жатқан соң, әйелдер картоптың қоқысқа тасталған қабықтарын жинап, қайнатып, соны талғажау етеді екен. Бірақ, одан көбі іш ауруына ұшыраған. Осылайша, олардың арасында қара жұмыстан емес, аштық пен аурудан қырылғандар көп болыпты...
Қазақстаннан барған бір топ әйелдер бригадасын Сталинград трактор зауытының аумағын тазартуға салады. Жасайтын жұмыстары сол: үйінділерді аршу, кірпіш сынықтарын, тасу, тиеу... «Бұл зауыттың соғыс үшін маңызы болғандықтан, ең алдымен осы жерді тез қалпына келтіру тапсырылды», – дейді әжеміз...
Ауыр еңбек
Әжемнің бригадасын және басқа да бірнеше бригаданы дәл осы трактор зауытының орнын тазарту жұмыстарына салыпты. «Жұмыс өте ауыр, таңертеңнен кешке дейін жасайтынымыз – қара жұмыс. Қара күшке болмайтын жерлерді алдымен тракторлар, танкілер келіп итеріп-итеріп кетеді де, әрі қарай қолдың күшімен көліктерге тиейміз, болмаса басқа жерге тасимыз. Ауыр кесектерді көтереміз деп, мертігіп қалғандар да арамызда аз болған жоқ», – дейді әжем. Ең жантүршігерлігі, қирандыларды аршу кезінде, үйінділер арасынан пәршеленіп, бұзылып кеткен талай марқұмның мәйіттері шыққан. Бөлек-бөлек жатқан қан-қан қол, не үзілген аяқтар, мылжаланған бастар... Айта берсе, сұмдық дейді. Арасында қарапайым тұрғындар да, солдат киіміндегілер де бар екен. Талай келіншектер бұл көріністерден кейін тамақтарын іше алмай, ісініп өліп қалыпты.
Бір күні әжемнің бригадасымен қатарлас жұмыс жасап жатқан басқа бригаданың адамдары не минаның, не гранатаның жойқын жарылысынан түгелдей мерт болады. Содан бұларды басқа жерге ауыстырып, жарылыс болған орынды күн ұзақ тексеріп, екінші күні қайтадан зауыт аумағына алып келген. Санитарлық талаптары сақталмаған баракта тұрып, оның үстіне тамақ жағы мардымсыз болған әйелдер арасында сүзек ауруы тарайды. Әжеміз де көп ұзамай осы дертке шалдығып, еңбекке жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады. Бұл 1943 жылдың қыркүйек айы еді.
Сол Сталинградтағы «Еңбек майданынан» елге ауырып, әлсіреп қайтып келе жатқанда жолай жортып жүрген ұры-қарылар оның бар ақшасын, ең бастысы – қажетті құжаттарын ұрлап кеткен. Сол оқиғаны әжем үнемі өкінішпен айтып отырушы еді. Сөйтсем, сол кезде ұрланған құжаттарын таба алмаған, кейін қайтып қалпына келтіре де алмаған екен. Көз көрген адамдар болса да «дәлелді құжаттарың жоқ» деп жергілікті билік еш илікпеген, көмек қолын созбаған. Ал мұның салдары зейнет жасына жеткенде «Еңбек майданындағы» жанқиярлық жұмысы еленбей қалған, содан зейнетақы да тағайындалмаған. Әрине өкінішті-ақ. Сол өкінішін әжем о дүниеге арқалап кетті. Зұлқарнай атам неміс басқыншыларынан талай кеңестік қалаларды азат етуге бір кісідей атсалысам деп ажалдан аман қалса да ауру тапты. Ал әжем қираған Сталинградты қайта қалпына келтіру майданында жанын салып еңбек етіп, ақыры денсаулығынан айырылса да, керексіз болып қалды. Қайран менің атам мен әжем-ай!
Міне, бұл сұрапыл соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан бір ғана қазақ қызының тағдыры. Ал нәзік жандылар түгіл, ер-азаматтардың өзі шыдамайтын дәл осындай ауыр азапты бұдан басқа да қаншама қазақтың қыз-келіншектері бастан кешті?! Бірақ, амал жоқ, бәріне көнген. Не өлім, не өмір деген сол болған...
Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ, журналист.