• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

Көктем сайын...

485 рет
көрсетілді

Көктем сайын... құс дауысын естігенде ағаларым келгендей болады   Соғыс біткелі 70 жыл өтті. Бұл бір адамның жасы емес пе? Соғыстан кейін бірнеше ұрпақ өмірге келді. Жеңіс келген соң туған балалар қазір аппақ қудай шал болды. Тек майдан даласынан оралмаған боздақтар сол мәңгі жас күйінше қалып қойды. Олардың көбінің артында тұяқ түгіл суреті де қалған жоқ. Соғыс басталған жылы мұрты тебіндеген бозбалалар алыстағы ауылда суретке түсіп үлгермеген де еді. Суреті қалмаған, бірақ бейнесі жүрегімде ғана сақталған боздақтар менің майданнан оралмаған ағаларым еді. Қазіргі Науырзым ауданында өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары Мереке, Амангелді, Егінбұлақ деген үш колхоз болды. Олар Бейнетқор ауылдың кеңесіне қарайтын, орталығы -- Қайғы ауылы. Осы үш колхоздан майданға кеткендердің арасында тағдыр 111 адамға туған жердің топырағын қайта басуды жазбады. Олар майдан даласында кебінсіз көмілді... Соғыс басталғанда мен 10-11 жасар бала едім. Сол уақыттың көрі­ніс­терінің барлығы көз алдымда, ешнәрсені де ұмытқаным жоқ. Менің әкем Оспан үш некелі болған кісі. Атам Өтеулі жалпы қазаққа белгілі айтысқа түскен ақын. Соны­мен қатар діндар болған. Сол кісі өткен ғасырдың басында қажы­лыққа кетіп бара жатып, Дулат­тың қызы, Міржақыптың апасы Көкешке он төрт жасар баласы Оспанды үйлендіріп кеткен екен. «Міржақып әрі-бері өтіп жүргенде Көкеш апасына арнайы соғып кеткен» дегенді қариялар айтып отыратын. Әкемнің бірінші әйелінен туған Ғалымжан ағам біз жайлаған Қарасу деген қыстақтан мені қолына алған еді. Өйткені, мектеп ол тұратын Қайғыда ғана болатын. Мен сол кісінің қолында оқып жүргенмін. 30-шы жылдары ел қатты күйзелді. Оның үстіне арқаның қысы да ауыр болатын. Облыс орталығы Қоста­най Қайғы ауылы үшін жердің түбіндей көрінетін. Қазіргідей арылдап тұрған көлік қайда, 300-400 шақырым жерге тапқан адам ат арбамен, таппағандар өгіз арбамен апталап жүріп, зорға жетеді. Соғыс онсыз да басынан қамшы айырылмай, бұйығы болған ауылды қатты үрейлендіргені есімде. 1941 жылдан бастап ауылдың үлкен-кіші еркек­кіндіктері соғысқа аттанып жатты. Көп ұзамай ауыл басшылары «қара қағаз» келгендердің үйіне барып, қазаны естіртетін болды. Қаралы үйден «ой бауырымдаған» дауыс кет­пейді, бүкіл ауыл болып шулап жылайды. Қаралы үйлер көбейді. 1941 жылы менің Ғалымжан ағама да шақырту келді. Ол кезде ағамның жасы отызға жетпеген, жиырманың ішіндегі жігіт болатын. Колхозда малшы болып істейтін. Әлі есімде, қыс маусымы, қараша-желтоқсанның бірі еді. Сыртта қар қалың, суық аязда ағатайым майданға аттанды. Әулиекөлдің іргесіндегі пойыз тоқтайтын Аманқарағай стансасына дейін үсік шалмау үшін бетіне солярка жағып, үйден өгіз шанаға мініп кеткені есімде. Аттанайын деп тұрған ағамды құшақтап өкіріп жыладым. Ағам кетсе ауыл құлап қалатындай, шаңырағымыз ортаға түсетіндей, сол күні біздің үйдің үстіне қара бұлт төнгендей көрінді маған. «Қара қағаздар» әбден жүрекшайды етіп тастаған мен ағамды жылаған сайын қыса түстім. Оның ащы айранға иленген теріден тігілген тонының мұрынды жаратын қышқылтым иісін жылдар бойы сағынғанмын. Бойым еңгезердей биік кісінің белінен ғана келеді. Күректей алақанымен басымнан сипап, арқамнан қағып шығып кетті. Біздің әулеттің адамдары қатты болатын, мүмкін менің шырылдап жылағаным оның да көңілін босатып жіберді ме кім білсін, көз жасын, босағанын көрсеткісі келмеген болар деп ойлаймын бүгінде. Ол кеткенде жеңгем жүгіріп жүрген бір қызбен қалды. Қазақтың ауылын нысанасына жиі алатын қызылша, әулие деген жұқпалы ауру бір келгенде ағамнан қалған жалғыз қыз ауырып өліп қалды. Ағам бұл дүниеден тұяқсыз кетті. Ғалымжан ағам майданнан хат жазып тұрды. Хатты әкеміз Оспанға жазатын. Оны «үлкен аға» дейтін. Бір хатында: «Үлкен аға, ауылда жүргенде аяғымның үлкендігінен етік тігетін тері жеткізе алмай күйінуші едім ғой. Мына жақта бастықтарым менің аяғыма шақ етік тауып бере алмай, жалаңаяқ сыртқа шықпай үш күн жаттым» деп жазыпты. Ғалымжан ағам ірі сары жігіт еді, қара күштің иесі болатын. Ауылда жүргенде жұрт шөп тасуға бір өгіз арбамен барса, Ғалымжан екі өгіз арбамен баратын. Шөпті орып, екі арбаға бірдей тиеп тасиды екен. Оған қандай күш керек десеңші! Ағаның ірілігі өзіміздің әкемізге тартса керек-ті. Оспан өте ірі, аңға шыққанда аттың белі қайысып кететін болған соң, қысы-жазы жаяу жүреді екен. Бір қойдың етін бір күн­­де жейтін, қомағай кісі болған. Далада көшіп-қонып, қандай қиыншылық көрсе де, қазақ ойын-тойын еш қалыс қалдырмаған ғой. Соғыстың алдындағы жылдары қазақ ауылдарында «өгіз тартыс» деген ойын болыпты. Жиын-тойларда екі жігіт иығына арқан салып, екі жаққа тартысады екен. Ғалымжанға жігіт шақ келмейтін көрінеді. Ағамның Сталинград майданынан жолдаған соңғы хаты 1943 жылы келіпті. Онда: «Үлкен аға, аяғымнан жеңіл жараланып едім, тәуір болдым. Енді ұрысқа қайта кіргелі тұрмын», деп жазады. Сол соңғы хаттан кейін хабарсыз... Негізі біздің әулеттен майдан­ға алты адам кетті. Ағайын­ды Шай­сұлтан мен Қабден Жанбо­сы­новтар, Тоғаев Қалпақ, Есмағамбетов Мыж­ғым­бай, Қосжанов Байқоңыр деген ағаларымның барлығы қайтып оралмады. Күтумен өмір өтті. Қайғы ауылында сол 1943-44 жылдары майданнан хаты үзіліп қалған ағаларымыздан «қара қағаз» да келмепті. Соғыс бітіп, қуаныштың көз жасы омырауды жуса да, ол қайғының уытын баса алмады. Ауылдағы жақынын, бауырын, жарын, ұлын күткен үлкен-кіші «аһ» дегенде аузынан жалын ататын. Іштегі күйік пен сағыныштан, бейнеттен ауылдастарымның езіліп кеткенін де көргенмін. Уақыт өте келе боздақтардың соңынан «қара қағаздың» келмегені де белгілі бола бастады. Сол кездегі шаруашылық басшылары, ауылдық кеңестің төрағасы, оның айналасындағылар көбіне «қара қағазды» қаралы үйге жеткізбеген. Онсыз да қаусап отырған ауылдағыларды жылата бермейік, үміт сүйреп жүре берсін дегені болар. Екінші жағынан шаруашылықтың жұмысын ақсатпайық дегендер де табылған. Өйткені, колхозда жұмыс істейтін адам аз болған. Бір үйге «қара қағаз» келсе, бүкіл ауыл шулап жы­лайтын, қаралы үйден адам арылмай­тын. Қайғы жұмыстан, жұмыс қайғы­дан бетер өзекті болған заман еді. Қалай дегенде де, Қайғы ауылы көктемді жақсы көретін. Соғыс көктемде бітті, ауылға Жеңістің сүйінші хабары жеткенде жердің жүзі масатыдай құлпырып, мал тойына бас­тап еді. Ағаш гүлдеп, құстар келіп, мал төлдеп, ырыс-құт, шадыман-шу, қуаныш бірге келгендей, ауылдың рухы көтерілген. Сол сурет менің көз алдымда да, көңілімде де қалып қойған. Жеңіс келгенде ауылдастар майданнан хаты кешігіп, хабарсыз жатқан ауылдың жігіттері де келеді деп үміттенді. Соғысқа ауылдан Толықбаев Әбдібек, Сәндібек, Рахымбек деген үш жігіт кеткен еді. Алдыңғы екеуі оралмады, жаралы Рахымбек қана қайтып келді. Әбдібек есін білгеннен намазға жығылған діндар, Сәндібек оқыған сауатты жігіт еді. Әбдібектің ұлы Мұхтар тоғыз айында қалған. Анасы колхоздың жұмысына жегілді, үйде қалған балаға әжесі Мәрия шешеміз сиырдың сүтін бере берген. Баланың іші кетіп, өлер әлетке келген соң, Сәндібектің әйелі Рахима жеңгесі емізіп, адам қатарына қосылды. Қазір сол Мұхтар үбірлі-шүбірлі шал болды. Қайғы ауылында мұндай мысал екінің бірінен табылады. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қайғы ауылының орталығына майданға кетіп оралмаған боздақтарға арнап, мемориалдық ескерткіш орнаттық. Олардың туған, майданға кеткен жылдары жазылды. Боздақтардың басым көпшілігі жар құшып та үлгермеген жас жігіттер еді. Биыл да көктем жақсы шықты, құстың қиқуына кәрі құлағымды тосамын. Сол баяғы Қайғы ауылының суреті көз алдымда, құс дауысын естіген сайын ағаларым келіп қалатындай жүрегім лүпілдеп, өрекпіп басылады. Ғалымжан ағатайымның тонының иісі мұрныма келгендей болады...   Сұңқар ОСПАНОВ, еңбек ардагері. Қостанай.