• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

246 рет
көрсетілді

АСТАНА. 9 мамыр. Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Кездесуге президенттер – Қазақстаннан – Нұрсұлтан Назарбаев, Армениядан – Серж Саргсян, Беларусь Республикасынан – Александр Лукашенко, Қырғызстаннан – Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясынан Владимир Путин, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы В.Христенко қатысты. Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің қазіргі мәселелерін, ұйым аясындағы серіктестікті тереңдету мен халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту келешегін, сондай-ақ, Қырғызстанның Одаққа қосылу үдерісін талқылады. Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылғанына бір жыл толғанда өтіп отырған кездесудің айрықша сипатын атап айтты. «Мүдделер теңдігі, прагматизм және кезеңділік қағидаттарына негізделген интеграциялық бірлестік біздің мемлекеттерімізді және экономикаларымызды әлемдік дағдарыстың күрделі жағдайында нығайтуға қабілетті екеніне сенімдімін. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысы түбегейлі басталғалы бері біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанның қосылуы арқылы толықты. Бірлескен ынтымақтастық болашақта елдеріміздің байланысын нығайтып, Еуразиялық одақтың дамуына тың серпін берері анық», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастықтың бұл экономикалық бірлестікке қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталды. «Бүгінде бірқатар мемлекеттер бізге сауда-экономикалық қатынастар орнату, еркін сауда ұсынысымен шығуда. Мәселен, үкіметаралық кеңес отырысының аясында Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы бірінші келісімге қол қою жоспарланып отыр. Келісім жобасы қазір мемлекетішілік үдерісте қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, бүгінде Қытай Халық Республикасымен серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жасау жөніндегі келіссөздерді бастау мәселесі күн тәртібінде тұр. Түркия, Иран, Үндістан, Моңғолия, Әзербайжан осы кезеңдегі келесі әлеуетті серіктестер бола алар еді,, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті қабылданған шешімдерді жүзеге асыру жұмысы үкімет тарапынан да, комиссия тарапынан да жүйелі және бірізді ыңғайдан келуді талап ететініне назар аударды. «Барлық уағдаластықтарды кезең-кезеңмен іске асыру мерзімдерін біз айқындап алдық. Ұйымымыз біртіндеп барынша тиімді сипат алып келеді, қажетті шарттық база қалыптасуда. Оның орнықты дамуы осыған негізделеді», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше елдердің барлығының игілігі жолында бұдан әрі даму үшін зор әлеуетке ие екеніне сенім білдірді. «Қазір, дағдарыс пен Батыстың санкциялық саясаты жағдайында тауар айналымының төмендеуі байқалады. Бірақ біздің қарым-қатынасымыздың жалпы жағдайы сондай – кәсіпорындар мен тауарлардың ауысуы, бірлескен кәсіпорындардың құрылуы үдерісі жүріп жатыр. Біз дұрыс жолда келеміз деп санаймын. Қазақстан елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың орасан әлеуетіне ие Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына аса зор маңыз беріп келді және солай бола да береді. Біз өзара тиімді құжаттарды әзірлеу мен қабылдау үшін қажетті күш-жігерді жұмылдыратын боламыз», – деді Қазақстан Президенті. Отырыс барысында мемлекетаралық ынтымақтастықты түрлі салаларда одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.