АСТАНА. 9 мамыр. Беларусь астанасы – Минскіде өткен бокстан Виктор Ливенцевті еске алуға арналған халықаралық турнирде Қазақстан боксшылары қоржынға 4 медаль салды. Атап айтсақ, Ержан Жомарт (49 кг., суретте) пен Еркін Мұхамеджан (91 кг.) жарыс жеңімпазы атанса, Абылайхан Жүсіпов (64 кг.) пен Шаймұрат Құсайынов (81 кг.) қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты kfb.kz хабарлады.
Жартылай финалда Абылайхан Түркия боксшысына есе жіберсе, Шаймұрат Грузия өкілінен жеңілді. Ал финалға шыққан қос спортшымыз жоғары деңгейде жұдырықтасып, отандық жанкүйерлердің алғысына бөленді. Ержан шешуші бәсекеде түрік боксшысынан басым түсіп, Абылайханның жіберген есесін қайтарып берді. Еркін чемпиондық атаққа таласта өзбекстандықты тізе бүктірді.
Сонымен қатар, турнирдің «ең үздік төрешісі» атағы қазақстандық Нұрбек Батыровқа бұйырғанын айта кетейік. Жалпы, сайысқа әлемнің 10 елінен 85 боксшы қатысты.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: kfb.kz.