ШЫМКЕНТ. 8 тамыз. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып Бейбіт Атамқұлов тағайындалды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовті бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындаған болатын.
Бұған дейін Бейбіт Атамқұлов инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды.
Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысында туған. Инженер-металлург, экономист. 1986 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, 2000 жылы Санкт-Петербург экономика және қаржы мемлекеттік университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
1985 жылдан – Завенягин атындағы Норильск тау-кен металлургия комбинатының жез балқыту зауытында балқытушы.
1986 жылдан – Шымкент қорғасын зауытының балқытушысы, шебер, рафирленген цехтың аға шебері.
1991 жылдан 2006 жылға дейін жеке секторда – өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс атқарды.
2006 жылдан – кеңесші, Ресейдегі Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі.
2007 жылдан – Ирандағы Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі.
2008 жылдан – Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулы.
2010 жылдан – Малайзия, Индонезия республикасы, Бруней-Даруссалам, Филиппин республикасында Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі.
2012 жылдан – индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы.
Ал 2014 жылдан инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болды.
Бақтияр Тайжан.
Дерек, сурет: egemen.kz.