АСТАНА. 9 мамыр. Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұйымға Қырғызстанды қосу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
8 мамыр күні өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Осы уақытқа дейін күдік тудырған сұрақтардың барлығы өз шешімін тапты. Біз бүгін Қырғызстанды Одаққа толықтай қабылдау туралы құжатты қабылдадық. Осыған орай барлығыңызды құттықтаймын», – деді.
Қырғызстанды қосу туралы келісімшартқа 2014 жылдың желтоқсан айында қол қойылған болатын. Интеграциялық бірлестікке қырғыз елі келісімдер бекітілгеннен кейін 8 мамырда енеді деп жоспарланған.
Осы уақытқа дейін тараптардың кей мәселелерге қатысты нақты бір шешімге келе алмағанын айта кетейік. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың бұдан бұрын журналистерге таратқан ақпараты бойынша, Қырғызстан наурыз айында қолданыстағы хаттамаға өзгертулер енгізуді ұсынған. Алайда, бұл ұсыныстарды Одақ мүшелері «қисынға келмейді» деп тапқан.
Еуразиялық экономикалық одақ құрамында қазіргі таңда Ресей, Беларусь, Қазақстан мен Армения бар.
Еламан Қоңыр.
Дерек: РИА «Новости».
Сурет: easttime.ru.