• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2015

Польшада 11 үміткердің қатысуымен президент сайлауы басталды

322 рет
көрсетілді

АСТАНА. 10 мамыр. Польшада елдегі барлық сайлау учаскелері ашылып, президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады. Поляктарға бұл күні ел азаматтарының 100 мыңнан астамының қолдауына ие болған 11 кандидат арасынан президентті таңдап алуға тура келеді. Ал мемлекет басшылығына үміткерлердің арасында қазіргі іс басындағы президент Бронислав Коморовски, «Құқық және әділдік» ұлттық-консервативтік партиясы ұсынған Анджей Дуда, Солшыл демократиялық күштер одағы қолдаушы Магдалена Огурек, Поляк шаруалар партиясынан Адам Ярубас, «Ұлттық қозғалыс» партиясынан Мариан Ковальски, «Сенің қозғалысың» партиясынан Януш Паликот, ORWiN партиясынан Януш Корвин-Микке, тәуелсіз кандидат Павел Кукиз, Жаңа оңшылдар конгресінен Яцек Вилк, «Тікелей демократиядан» Павел Танайно және тәуелсіз кандидат Гжегож Браун бар. Егер бүгінгі бірінші турда Польша президенттігіне кандидаттардың бірде-бірі сайлаушылар дауысының жартысынан астамын жинай алмайтын болса, 24 мамыр күні екінші тур өтетін болады. Салынған сауалдамаға сәйкес, Польша азаматтарының басым бөлігінің қазіргі іс басындағы президент Бронислав Коморовскиді жақтайтындары белгілі болып отыр. Соған қарамастан, оның бірінші турда жеңіске жететініне сенім жоқ. Себебі, осы кезге дейін мониторинг көрсеткіштері ұдайы өзгеріп келді. Мәселен, науқанның басталған шағында Коморовскиді жақтаушылар қатары 60 пайызға тең болса, соңғы кездері бұл белдеу 35 пайыздан аса алмай қалды. Сарапшылар іс басындағы президенттің рейтингісі бұрын-соңды дәл бұлай түсіп көрмегенін айтады. Өзінің сөздерінде Коморовски бүкіл Еуропаға, соның ішінде Польшаға Ресей тарапынан төніп тұрған қауіп жөнінде жиі айтып жүр. «Ресей тарапынан көршілеріне жағымсыз көзқарас Ресей-Украина дағдарысының басты себебі болды, бұл қазір күллі Еуропаның, соның ішінде Польшаның қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр», - деді ол өткен сейсенбі күні Эльблонгте сайлаушылар алдында. Эльблонг қаласы Польша-Ресей шекарасына жақын маңда, Калининград облысының қасында орналасқан. Іс басындағы поляк президенті осы себептен Варшаваның қорғаныс қабілетін, соның ішінде «шекара күзетінің әлеуетін пайдалануға» мүмкіндік беретін механизмді күшейте түсуге тиіс екенін атап өтті. Алайда, сарапшылар электорат сайлаудағы тап осындай векторы үшін Коморовскиден аяқтарын тарта бастағанын айтады. Талдаушылар сайлау кезінде америкалық кеңесшілердің ықпалымен жұмыс жасап жатқан іс басындағы президенттің осындай сөздері салдарынан электораттың белгілі бір бөлігі оның негізгі қарсыласы Дуда жағына ауып кеткен деп есептейді. Соңғы сұрау салуда бұлардың кейінгісі 27 пайыздық дауыс алды. Ол алғашқы кездері тек 15 пайыз төңірегінде тұр еді. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: РИА Новости.