АСТАНА. 10 мамыр. Ұлы Отан соғысына аттанып, іс-түссіз кеткен қазақстандық жауынгер Ақан Тоқбаевтың тағдыры 70 жылдан кейін белгілі болды. Іздеу экспедициясы кезінде оның Украинадағы Судилко ауылында бауырластар зиратына жерленгені анықталды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Осыған байланысты жауынгердің туыстары оның туған ауылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Айтбай ауылында еске алу рәсімін өткізді. Оған өңір тұрғындары қатысты.
Ақан Тоқбаев соғысқа 1941 жылы кеткен. Екі жылдан кейін онымен байланыс үзілген. Ал, туған-туыстарына Тоқбаевтың іс-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар жеткен.
«Біз іздеу жұмыстарын үздіксіз жүргіздік. Осы мақсатта көптеген жерлерге хат жаздық. Нәтижесінде ағамыз туралы дерекке қол жеткізіп отырмыз. Бізге бауырластар зиратындағы ескі тақтаның суретін жіберді. Онда ағамыздың аты-жөні жазылған. Одан басқа да бұл деректі нақтылайтын құжаттар қолымызға тиді», – дейді жауынгердің қарындасы Мәрзия Айтбайқызы.
Сонымен қатар, Ақан атаның туыстары оның әскер қатарына алынғаннан кейін Алатау тауындағы әскери бөлімдердің бірінде дайындықтан өткенін, сол жерден тікелей жау тылына жіберілгенін анықтаған. Туыстарының айтуынша, Ақан Тоқбаевты 208-ші дивизияның бөлім командирі етіп тағайындаған.
Айтбай ауылында соғысқа аттанған 54 ардагердің құрметіне ескерткіш тақта орнатылғанын айта кетейік.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: 24.kz.