Австралияда жұмыссыздық өсуде
Жұмыссыздық деңгейі шілдеде 6,3 пайыз құрады, ал сарапшылар болса көрсеткіш 6,1 пайызға өседі деп күткен болатын. Маусым айында жұмыссыздық қайта қаралған мәліметтерге сәйкес, бұрын хабарланғандай 6 пайыз емес, 6,1 пайызды құраған. Австралияда жұмыс істейтіндер саны өткен желтоқсан айында 38,5 пайызға артқан. Сарапшылар болса өсім небәрі 10 мың ғана болады деп күткен еді. Сонымен бірге, толық жұмыс күнімен қамтылған адамдар саны 12,4 мыңға артса, маусымда бұл көрсеткіш 24,9 мыңға ұлғайған. Осылайша, Австралияда жұмыссыздық осы жылдың қаңтарынан бері ең жоғарғы көрсеткішке жетіп отыр. Мұндай көрсеткіш бұған дейін 2002 жылы тіркелген болатын. Австралия доллары мәліметтер шыққаннан кейін 0,5 пайызға өсіп, 1 АҚШ долларына 0,735 долларды құраған еді, бірақ кейін тағы да 0,3 пайыз жоғалтты. Егер еске сала кетер болсақ, Австралия экономикасы 2015 жылдың I тоқсанында оның алдындағы 3 аймен салыстырғанда 0,9 пайызға өскен болатын. Ол ресми мәліметтерден белгілі болып отыр. Ал жылдық көріністі алғанда елдің ішкі жалпы өнімінің өсуі 2,3 пайызды құрады.Мұнай рыногындағы тұрақсыздық
Көптеген мұнай компаниялары 2015 жылы мұнай бағасының құлдырауы аясында өз бюджеттерін қатаң түрде қысқартуға мәжбүр болып отыр. Сәуір мен мамырда баррель бағасының 60 долларға секіруі аздап үміттендірген еді, бірақ ол уақытша көрініс болып шықты. Иранның ядролық келісіміне, өнім жеткізудің үнемі профицитте болуы және Грекия мен Қытайдағы экономикалық проблемаларға байланысты маусым айындағы бағаның күрт құлдырауы рыноктың көңіл-күйін нашарлатып жіберді. Ендігі жерде мұнай бағалары бұдан да төмен құлдырауы мүмкін және ол мұнай-газ секторына өте күшті соққы болмақ деген пікір үстемдік алып тұр. Мұнай трейдерлері бүгінде мұнайдың таяу жылдардағы перспективасын әлдеқайда пессимистік тұрғыда бағалауда. Мұнай бағасының төмен күйінде қалып қоюы мүмкін деген түсінік ұлғая түсуде, ал ол мұнай өнеркәсібінде шығындар мен жұмыс орындарын қысқартудың жаңа легін туындатпақ. Көптеген компаниялар олардың қандай да бір қаржылық мағынаға ие болуын анықтау үшін жаңа жобаларды бұрғылауға қажетті мұнай бағаларын қайта есептеуде. Қазіргі уақытта баррель құны 100 доллар бағаны қажет ететін барлық жобалар белгісіз мерзімдерге кейінге қалдырылып отыр. Бүкіл әлем бойынша қорларының жиынтық көлемі мұнайға шаққанда 20 миллиард баррельге жететін 46 ірі мұнай және газ жобалары кейінге қалдырылды. Бұл енді бірнеше жылдан кейін жаһандық мұнай өндірудің күткендегіден әлдеқайда төмен болуы мүмкін екендігін көрсетеді. Тіпті, мұнай бағасының жоғары болған кезінің өзінде ірі кен орындарын ашу санының айтарлықтай қысқаруы да белгілі бір проблемаға айналып отыр. Мәселен, баға әлі де жоғары болған 2014 жылы жаңа ірі кен орындарын ашу көлемі соңғы 60 жылда ең нашар көрсеткіштердің қатарында болды. Мұнай рыногына ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін тағы бір фактор – ол Сауд Арабиясының резервтік қуаттарын пайдалану. Корольдік бірнеше аптаның ішінде өнім өндіру көлемін ұлғайта алады және ол мұнайдың әлемдік рыногындағы тұрақтылық үшін шешуші маңыз алады деген түсінік бар.Су тапшылығына кім кінәлі?
Малидің солтүстігіндегі Кидаль қаласының тұрғындары ауыз судың жетіспеуінен зардап шегуде. Елдің солтүстігіндегі соғыс қимылдары мен тұрақсыз ахуал жағдайды шиеленістіріп, соның салдарынан жергілікті тұрғындар күрделі проблемаларға душар болуда. Су айдағыш құрылғылар жетіспейді, тозығы жеткен сорғылар толық күшінде жұмыс істеуге жарамсыз. Судың бір баррелі 7 долларға жеткен. Тіпті, осындай бағаның өзінде Кидальға кіреберісте бозала таңнан су үшін ұзыннан-ұзақ кезек қалыптасады. Бұл нағыз дағдарыс. Осының бәріне БҰҰ-ның бітімгершіл күштері кінәлі. Өздерінің қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарамастан олар халыққа көмек көрсету үшін жаңа су алу көздерін салып бере алмай отыр. Олар түк бітіріп жүрген жоқ! Тіпті, бұрын да ештеңе тындырмаған болатын, деп шағымдануда жергілікті тұрғындар. Бітімгершілерді сондай-ақ, су қорларын шектен тыс пайдаланады деп те айыптауда. Бірақ БҰҰ контингентінің өкілі Кристоф Сивийон ондай пікірмен келіспек емес. Суға байланысты туындаған проблемаларға бітімгершіл күштер себепкер болып отыр деген сөздер мейілінше тез арада пайда болуда. Іс жүзінде біз Мали үкіметінің әрекетсіздігі, ал тұрғындардың тең жартысының бұл жерден кетіп қалуы жағдайына куә болып отырмыз. Әдетте, Кидальда халық көп тұратын, бірақ олар кетіп қалды. Демек, бітімгершілердің жергілікті тұрғындардан су ұрлауы мүмкін емес, дейді БҰҰ контингентінің өкілі. Су проблемасының пайда болуы су айдағыш құрылғыларды жөндеуге және жаңаларын ашуға қаржы мен мүмкіндіктің жоқтығынан ба, немесе оған құрғақшылық пен климаттық өзгерулер кінәлі ме, оған Кидальда ешкім де дәл жауап бере алмайды. Соңғы аптада Тимбукту қаласында да ахуал шиеленісе түсті. Мұнда терроршылар шабуылынан бір малилік жауынгер қаза тапты. Елдің солтүстігінде тұрып жатқан халық аштық шегінде өмір сүруде және олар гуманитарлық көмекке мұқтаж.Еурокомиссия Францияға көмек көрсетпек
Еуропалық комиссия елдің Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен келіп жатқан мигранттар ағынына төтеп беруі үшін Францияға 20 миллион еуро бермек. Бұл туралы Еурокомиссия ақпаратында келтірілген. Бұл қаржы Францияның баспана, миграция және интеграция қорына аударылатын болады. Франция 2020 жылға дейін мигранттарға қатысты мәселелерді шешу үшін 266 миллион еуро алатын болады. Ал Ұлыбритания болса осы мақсаттар үшін 2020 жылға дейін 370 миллион еуро алмақ. Миграция мәселелері бойынша еурокомиссар Димитрас Аврамопуластың айтуынша, сыртқы шекаралар қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық агенттік Франция мен Ұлыбританияға мигранттарды тіркеуге және олардың кері қайтуы үшін құжаттар беруіне көмек көрсетпек. Үстіміздегі жылдың шілде айынан бері Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен шыққан мигранттар Франциядан Ла-Манш бұғазы астындағы туннель арқылы Ұлыбританияға баруға жаппай талпыныс жасауда. Француздың Кале қаласы маңында мигранттар мыңдаған адамдық шатырлар лагерін ұйымдастырған, оның саны барған сайын өсе түсуде. Бұған дейін Британ премьері Дэвид Кэмерон Ұлыбритания Калеге қоршау орнату үшін материалдар және кинология қызметі мамандарын жібере отырып Францияға мигранттар тасқынымен күресуге көмектесетін болады деп мәлімдеген еді.Америкалықтардың болашаққа көзқарасы қандай?
Америкалықтардың басым бөлігі олардың балалары бүгінгі күнге қарағанда анағұрлым кедей және біршама бақытсыздау өмір сүретін болады деп есептейді. Тізгінсіз оптимизм, америкалық арманға деген сенім туралы түрлі аңыздарға қарамастан, Haven Life сақтандыру компаниясы жүргізген қоғамдық пікірге сауалнама АҚШ-тың ересек тұрғындары арасында болашаққа деген айтарлықтай күңгірт көзқарастың бар екенін көрсетіп берген. Сұрау салынғандардың көпшілігі олардың балалары қазіргі ересек америкалықтарға қарағанда аз қаржылық мүмкіндіктерге ие болып, бүтіндей алғанда, бақытты өмір сүруде де олқы- лықтарға тап болуы мүмкін, деп мәлімдеген. Тек 13 пайызы ғана олардың балалары жақ- сы материалдық жағдайға қол жеткізіп, бұларға қарағанда айтарлықтай қаржылық мүмкіндіктерге ие болады деп есептейді. Сонымен бірге, сұрау салынғандардың 52 пайызы америкалықтардың келесі буыны анағұрлым аз қамтамасыз етілген жағдайда өмір сүреді, деп атап көрсеткен. Америкалықтардың өз болашақтарына сенімсіздікпен қарауына студенттік борыштарының теріс ахуалы себепкер болып отыр. Нью-Йорк федералдық резервтік банктің 2015 жылдың сәуірінде жариялаған мәліметтеріне қарағанда, өз борыштары бойынша дефолтқа жол берген студенттер саны 2012 жылы бір жылда 1,2 миллион адамға өсіп шыққан. Дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».